Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауда отасқанына 25 жылдан асқан үлгілі отбасылар марапатталды

Махаббат Нұржанқызы
|
15.09.2025 19:27
Маңғыстауда отасқанына 25 жылдан асқан үлгілі отбасылар марапатталды

Маңғыстауда шаңырақ көтергеніне 25 жылдан асқан отбасылар «Құтты шаңырақ» облыстық байқауы аясында марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Байқау 15 қыркүйек – Отбасы күніне орай «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында өтті. Байқауда ұзақ жыл отасып, ұрпақ тәрбиелеген өнегелі отбасылар дәріптеліп, жас жанұяларға үлгі етті. 25-50 жыл отасқан, немере-шөбере тәрбиелеп отырған әулеттердің өмір жолы кең таныстырылды. Байқау аудандық және қалалық кезеңдерден өтіп, қорытынды кезеңге 14 отбасы жолдама алды. 


Өңіріміздің өнегелі отбасылары «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» номинациялары бойынша марапатталды. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев қатысушыларды құттықтап, отбасы құндылықтарының маңызын атап өтті.


Бұл байқау – бірлік пен дәстүрдің, ұрпақ сабақтастығының мерекесі. Сайысқа қатысқан әр отбасы – нағыз жеңімпаз. Өйткені сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, тәрбиелеріңіз – жас буынға үлгі, болашаққа аманат. «Құтты шаңырақ» – халқымыздың асыл мұраттары мен салт-дәстүрін дәріптейтін тағылымды жоба. Әр шаңырақта шаттық пен береке орнап, бұл байқау жыл сайын жалғасып, жаңа отбасыларға шабыт сыйласын, – деді Тілеген Әбішев.


«Күміс кереге» номинациясымен марапатталған жаңаөзендік Қосбаевтар отбасы бұл шараның маңызы зор екенін айтып отыр. 29 жыл отасқан Бекәділ Қосбаев пен Гүлназ Бөлекбаева бес бала тәрбиелеп өсіріп, үш немере сүйіп отыр. Отағасы Бекәділ Қосбаев – «ӨзенМұнайГаз» АҚ Мұнай-газ өндіру басқармасында аға шебер, жұбайы Гүлназ Бөлекбаева – «Жаңаөзен» газетінің бас редакторы. Ерлі-зайыпты отансүйгіштікке, салт-дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек етіп келеді.


Халқымыздың рухани байлығының бірі – отбасы құндылықтары. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ең әуелі бала тәрбиесіне мән беруіміз керек. Балаларымыз туған жерді сүйіп өссін деп киелі, тарихи орындарға көп апарамыз. Былтыр Маңғыстаудан басталған жолсапарымыз Көкшетау, Катонқарағай, Алакөл, Іле Алатауы, Әулиеата, Түркістан, Қызылорда бағытында жалғасып, батыс өңірлердің табиғатын тамашалаумен аяқталды. Батыс мәдениеті етек алған заманда еліміздің әр түкпірінде отбасы құндылығы кеңінен дәріптелуі тиіс. Еліміздегі әр отбасының керегесі кең, терезесі тең, шаңырағы биік болсын!, – деді Бекәділ Қосбаев.
28
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!