Қалдықтарды бөлек жинауды қолға алған компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі

Қоқысты бөлек жинау және сұрыптау жүйесін енгізу барысында қолдауға ие болатын ұйымдар тізіміне халыққа қызмет көрсететін қоқыс тасымалдаушы компаниялар да енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов пен «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов Ақтау қаласындағы қоқыс шығарушы компаниялардың басшыларымен кездесу барысында, Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының қаражатын пайдалану ережелеріне енгізілген өзгерістер, өзара іс-қимыл, шарттарды рәсімдеу, есептілік жүргізу және қалдықтарды қайта өңдеу бойынша төлем алу мәселелері туралы айтып берді.
«Маңызды жаңалықтардың бірі - халыққа қызмет көрсететін қалдық шығаратын компаниялардың қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау жүйесін енгізуде қолдау алатын ұйымдар тізіміне енгізілуі. Мемлекет «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесе отырып, утильалым қаражаты есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы қабылдау пункттері, фандоматтар және арнайы контейнерлерді қамтитын қажетті инфрақұрылымның құрылуына ықпал етуде», – деді Нұржан Қабдолданов.
Айта кетейік, елімізде EcoQolday атты ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр. Бұл жүйе қайта өңдеу саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, оны ашық әрі тиімді етеді, сондай-ақ компанияларды заманауи экологиялық тәжірибелерді енгізуге ынталандырады.
