Ақтауда ХІІ Азаматтық форум өтті

Ақтауда «Заң мен тәртіп – қоғам тұтастығының негізі: Құқықтық сауаттандырудағы ҮЕҰ-дың рөлі» атты XII Азаматтық форум өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл жиын - азаматтық қоғамды дамыту, құқықтық мәдениетті көтеру және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға арналған өңірдегі басты алаң.
Іс-шараға облыс әкімі, республикалық сарапшылар, белсенді ҮЕҰ көшбасшылары, қоғам қайраткерлері мен мәслихат депутаттары, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінен келген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумда өңірлік ҮЕҰ үшін шеберлік сағаттары, пікірталас алаңдары, үздік әлеуметтік жобалар көрмесі және пленарлық отырыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар құқықтық мәдениетті қалыптастыру, еңбек құқықтарын қорғау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері көтерілді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталып, өңірдің тұрақты дамуында азаматтық сектордың маңыздылығын атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдар қоғам өмірінің барлық маңызды саласын қамтып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы өзекті мәселелердің шешіміне ықпал етіп келеді. Ауыл мен қаланы теңестіру керек деген мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым айтып келеді. Соны орындау парыз. Қазір қарап отырсақ, Қазақстан әлемдік аренада үлкен беделі бар мемлекетке айналып келе жатыр. Біздің мақсатымыз – Мемлекет басшысының саясатын қолдап, оны іске асыру, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Форум соңында үздік деп танылған ҮЕҰ-дың өкілдері «Сала көшбасшысы» дипломымен, белсенді азаматтар Қазақстанның Азаматтық альянсының Алғыс хатымен марапатталды. Жиын нәтижесінде ҮЕҰ-дың құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бастамаларын қолдау жөнінде ұсыныстар әзірленді.
