Маңғыстауда газ құбырын жаңғырту жұмыстары толық аяқталды

Маңғыстау облысында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалы нысаны бойынша баспасөз туры өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Тауарлық газды тарату жүйелері арқылы тасымалдау тарифінен түсетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын көрсету және ақпараттандыру мақсатында ұйымдастырылған кешенді іс-шара барысында Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «QazaqGaz Aimaq» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалының нысанына БАҚ өкілдерін арнайы апарды.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Заңнаманың сақталуын бақылау, бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы Акерке Досыбаева бастаған топ Өмірзақ ауылындағы газ құбырларын күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл ретте «QazaqGaz Aimaq» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалының бас инженері Али Юсупов жұмыс барысы жайлы баяндады.
Жалпы, мұнда 2025 жылға бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында жалпы сомасы 2 257 мың теңгені құрайтын келесі іс-шаралар көзделіп отыр. Оның ішінде ұзындығы 5528 км болатын Ақтау қаласы Өмірзақ ауылындағы газ құбырларын күрделі жөндеу жұмыстары қарастырылған.
"Инвестициялық бағдарламаны іске асыру шеңберінде ұзындығы 5528 км (1371,1 м²) болатын жерүсті газ құбырын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге газ құбырының ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеусіз пайдаланылуы себеп болды. Газ құбыры мен тіректердің 70–75 пайызда бояулары кете бастаған. Антикоррозиялық қорғаныс жоқ, жергілікті және тұтас коррозия байқалды. Жабу арматурасының кей бөліктері тот басып зақымдалған. Сондай-ақ, атмосфералық жауын-шашын мен механикалық әсерлердің салдарынан бетон тіректердің бұзылуы да әсер етті», - деді бас инженер Али Юсупов.
Оның сөзінше, қауіпсіз және үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында орындалған жұмыстар кезінде газ құбырын сырлау (Ду40, 57, 76, 108, 159 мм) жалпы ұзындығы 5528 м (1371,1 м²), екі қабатты антикоррозиялық жабын жағу іс-шаралары толық атқарылған.
«Бүгінгі күнге дейін газ құбырына сырлау жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар аяқталды. Қосымша 10 дана тірек бағана (биіктігі 0,5 м, Ду76 мм) орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған тірек бағана орнатылу жұмыстары аяқталып отыр. Сонымен бірге 5528 метр жерүсті газ құбырын жаңғырту жұмыстары аяқталды, яғни 100% орындалды деуге болады», - деді бас инженер.
Баспасөз туры барысында қатысушылар кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру барысы және субъектінің қызметімен таныса алды.




