Ақтауда IT саласындағы идеяларды қолдау мақсатында хакатон басталды

Ақтауда дәстүрлі форматтағы ең ірі офлайн технологиялық жарыстардың бірі – Decentrathon 4.0 хакатоны басталды. Биылғы додаға Маңғыстау өңірінен 30 команда, яғни 120 қатысушы тіркеліп, бақ сынайды. Қатысушылардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, жас мамандар мен IT саласының оқытушылары бар, деп хабарлайды otpannews.kz.
Өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығының хабарлауынша, хакатон Astana Hub, ҚР Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Yessenov университеті, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен, «Mangystau Hub»
ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Үш күнге созылатын сайыста қатысушылар Web3.0, блокчейн және жасанды интеллект бағыттары бойынша нақты кейстермен жұмыс істеп, менторлар көмегімен өз жобаларын әзірлейді.
– Decentrathon - елдің цифрлық болашағын құруға дайын жастар үшін үлкен мүмкіндік. Биылғы маусымда қатысушылар бұрынғыдан да креативті идеялар мен тың шешімдер ұсынатынына сенімдіміз. Decentrathon осыған дейін үш рет өтті. Ал биылғы сайыс жаңа идеялар мен мүмкіндіктерге жол ашатын ерекше кезең. Үздік деп танылған жобалар жеңімпаз атанады, - деді «Mangystau Hub» жетекшісі Айгерім Мәжтай.
