Otpan News Logo

Маңғыстауда абаттандыру мен көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды

|
30.03.2026 20:56
Маңғыстауда абаттандыру мен көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды

Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Спикердің айтуынша, биыл санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды іс-шаралар жоспарланды.


- Экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеу үшін бейнекамералар орнату, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, қала және ауылдық елді мекендерді көгалдандыру және күтім жасау, қоғамдық орындарға экобокстар мен фандоматтар орнату, экологиялық байқаулар өткізу жоспарланып отыр. 35 мұнай компаниясы бүгінгі таңда экологиялық іс-шара жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес ағаш егу, абаттандыру, алаңдар мен саябақтарды ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі, - деді Армат Жүсіпқалиев.


Брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова өңірде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы арқылы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы жөнінде атап өтті.



- 2026 жылы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жоспарына сәйкес, көктемгі және күзгі сенбіліктер өткізіледі. Сондай-ақ қазіргі кезде халықпен кері байланыстың тиімді құралы ретінде «Таза Қазақстан» чат ботына 765 өтінім келді. Нақтылап айтар болсақ, биыл сәуір айына дейін 51 өтініш қабылданды, - деді Әсел Балманова.


Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов өңірдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.


- Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, қорықтар мен қаумалдарда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық, ағаш егу және белгілерді жаңарту жұмыстар жүріп жатыр. Табиғи қорықтардың аумағында туристік маршруттар бар. Олардың маңында да тазалық жұмыстары жүргізіледі, - деді Ғаббас Досатов.



Брифингте Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуникалдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Ғазиз Сағынғалиев қалада атқарылған санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жайлы баяндады.


 - Экоакция аясында Ақтау қаласының бірқатар шағынауданында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Мердігер мекеме келісімшарт аясында саябақтарды, аллеяларды және теңіз жағалауын тазалайды. Сондай-ақ, шағынауданішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Ғазиз Сағынғалиев.



Спикерлер тұрғындардың өңірдегі экологиялық мәселелерге қатысты сұрақтары болса, келесі номерге байланысуға болатынын атады. Нөмір: +7 705 542 7777.

73
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!