Ақтауда Асанәлі Әшімовтің жүз күндік асы берілді
Ақтауда ұлттық сахна өнерінің абызы, қазақ киносының қайталанбас бейнесі, режиссер һәм ұлық ұстаз Асанәлі Әшімовтың жүз күндік асы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Алматы қаласынан ағамыздың жары Бағдат ханым, қарындасы Амантай, ұлы Асанәлі, марқұм ұлы Сағидың балалары, басқа да туыстары мен әріптестері, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе өңірлерінен, Әзірбайжан астанасы Баку шаһарынан ниеттер бауырлары арнайы келген.
«Ас үстінде ағамыздың адамгершілік, бауырмалдық, кәсіби тұлғасын ашатын естеліктер айтылып, рухына құран бағышталды.Былтыр жыл аяғында баспадан шыққан "Актермін мен, мың өліп, мың тірілген" атты кітабы асқа келушілерге тәберік ретінде таратылды. Асекеңнің қарындасы Амантай, жары Бағдат ханым әулет атынан асты ұйымдастырушы киелі Маңғыстау азаматтары мен абыз аруағына құрмет көрсетіп асқа алыс-жақыннан келген барша қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты. Көпшілік дұғалар қабыл, Асекең рухы шат болып, елін, әулетін желеп-жебеп жүргей, ендігі жерде үлкен шаңырақта тек той болсын деген тілек үстінде тарасты», - деп жазды белгілі маңғыстаулық қаламгер Маңдайлы Қосымбай.
Қазақ театр және кино өнерінің белгілі қайраткері Асанәлі Әшімов өткен жылдың желтоқсан айында 88 жасында бақиға аттанған еді. Өнер иесі өмірінің соңына дейін театрдан ұзамай, түрлі республикалық, сонымен бірге, Ақтауда өткен фестивальдерге тұрақты қатысқан еді.