Биыл Жаңаөзен қаласында 20 шақырым электр желісі жаңартылады
Жақында «АМАNАТ» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысында Жаңаөзен қаласының 50,5 кмэлектрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту, «Ауыл аманаты» жобасы және жас кәсіпкерлерге 2027 жылға дейін жылдық 2,5% жеңілдікпенкредит беру мәселесі қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Партияның баспасөз қызметі мәлімдегендей, кеңесте жастардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесуге микрокредит беру бойынша Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Тілеубаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2024 және 2025 жылы бағдарлама аясында жыл сайын 220 жасқа 1,1 млрд. теңге микрокредит беру жоспарланған. Алайда республикалық бюджеттен қаражат бөлінбей, бұл жұмыстар тоқтап тұр. Ал 2023 жылы 168 адамға 815 000,0 мың теңге микрокредит берілген.
«Мемлекет тарапынан микронесие алған жастар мал шаруашылығы, қызмет көрсету, жүк сауда саттық және жеңіл өнеркәсіп саласында кәсібін жүргізді. Қазіргі таңда 2023 жылы несие алған 168 жас кәсіпкердің 29-ы несие қаражатын мерзімінен бұрын өтеді. Сонымен қатар 4 кәсіпкерге міндеттемелерді орындамауына байланысты сот тәртібімен несие қайтару бойынша шешім шықты. Бұдан бөлек 139 кәсіпкер398 397,8 мың теңге несиесін өтеп жатыр», - деді Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Тілеубаев.
Жаңаөзен қаласының 50,5 км электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту мәселесі кеңес төрағасы Бердіғали Берекетовтың жіті бақылауында тұр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Зульфия Айтмағамбетованың айтуынша, алдағы уақытта 11 жобаны іске асыру жоспарланған, ал биыл 20 км электр желісі жаңартылады. Сонымен қатар негізгі трансформаторларды ауыстыруда ешқандай мәселе болмайтынын жеткізді. Десе де кеңес төрағасы Бердіғали Берекетов басқарма өкіліне электр желілерін жаңғырту жұмыстарына бөлінетін қаржының нысаналы мақсатқа сәйкес жұмсалуын қадағалауды тапсырды.
Кеңес төрағасы Бердіғали Берекетов күн тәртібіндегі екі мәселе Сайлауалды бағдарламаның маңызды бағыты екенін жеткізді. Сондай-ақ жиында кеңес құрамы қайта қаралып, бекітілді.