Otpan News Logo

Маңғыстаулық оқушылар Астанада өткен халықаралық IT додада үздік үштіктен көрінді

|
29.03.2026 13:39
Маңғыстаулық оқушылар Астанада өткен халықаралық IT додада үздік үштіктен көрінді

Астана қаласында өткен «Infomatrix-Asia 2026» халықаралық инновациялық жобалар байқауында маңғыстаулық мектеп оқушылары қола жүлдені иеленді. Ақтаулық дарынды жастар өздерінің стартап жобасын ағылшын тілінде сәтті қорғап шықты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


Елордадағы «Spectrum» мектебінде ұйымдастырылған білім бәйгесіне әлемнің бірнеше елінен келген IT саласындағы үздік оқушылар қатысты. Аталған жарыста Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Бошман Бибінұр мен Иманғазы Мөлдір өңір намысын қорғады.


Маңғыстаулық оқушылар стартаптар секциясында жүкті әйелдердің денсаулығын бақылауға арналған «Sabie» атты бірегей жобасын таныстырды. Жобаның басты ерекшелігі – мобильді қосымша мен допплер құрылғысының өзара интеграциялануында. Бұл технология болашақ аналарға сәбидің жүрек қағысын кез келген уақытта тыңдауға және өзгерістерді онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік береді.


Сонымен қатар қосымшаның функционалына жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен смарт-шоппинг, интерактивті күнделік пен спорттық бағдарламалар, дәрігер қабылдауына онлайн жазылу, ЖИ негізіндегі арнайы чат-бот кеңесшісі мүмкіндіктері енгізілген. 


Жоба авторларының бірі Бибінұр Бошман бұл бағыттағы алғашқы жеңісі емес екенін айтады. Ол бұған дейін «IT FEST» байқауында үздік шығып, өткен жылғы «Infomatrix-Asia 2025» жарысында да жүлделі орынды иеленген.


«Стартап жобалармен айналысу менің негізгі қызығушылығым. Халықаралық деңгейдегі мұндай додалар тәжірибе жинақтауға және инновациялық идеяларды жүзеге асыруға үлкен жол ашады»,- дейді жас зерттеуші.


Айта кетейік, «Infomatrix-Asia» — оқушылардың IT саласындағы білімін тереңдетуге және жас өнертапқыштардың инновациялық шешімдерін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған ауқымды платформа.


73
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!