Бибісара Асаубаева әлемдік турнирді тең нәтижемен бастады
Кипрдің Пейя қаласында шахматтан әйелдер арасындағы әлемдік тәжге үміткерлер турнирі басталды. Бұл додада еліміздің атынан маңғыстаулық Бибісара Асаубаева алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жарысқа барлығы сегіз шахматшы қатысып жатыр. Бірінші турда Асаубаева үндістандық Вайшали Рамешбабумен кездесіп, қара тастармен ойнады. Кездесу тең аяқталып, екі спортшы да 0,5 ұпайдан еншіледі. Бастапқы кезеңдегі қалған үш партия да дәл осылай тең нәтижемен аяқталды.
Аталған турнир 14 турдан тұрады. Әрбір қатысушы қарсыластарымен екі реттен - ақ және қара тастармен ойнайды. Жеңімпаз қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен әлемдік тәж үшін таласу құқығына ие болады.
Екінші турда Бибісара Асаубаева бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп жүрген ресейлік Александра Горячкинамен кездеседі. Бұл матч 30 наурыз күні өтпек.
Сонымен қатар турнирге ресейлік Екатерина Лагно, украиналық Анна Музычук, қытайлық Чжу Цзиньэр мен Тань Чжунъи, сондай-ақ үндістандық Дивья Дешмух қатысуда. Асаубаева бұл турнирге жолдама алған алғашқы қазақстандық шахматшы болып отыр.
Айта кетейік, осы жерде ерлер арасындағы үміткерлер турнирі де қатар өтіп жатыр. Алғашқы турдан кейін өзбекстандық Жавохир Синдаров ресейлік Андрей Есипенконі жеңіп, көш бастады.