Маңғыстаулықтар «Жер сағаты» экологиялық акциясына қатысты
28 наурыз күні Қазақстан аумағында «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясы өтті. Аталған бастамаға Маңғыстау облысы да белсене қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Акция аясында сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін өңірдегі бірқатар мемлекеттік және өндірістік мекемелерде жарық пен электр құрылғылары символикалық түрде өшірілді. Сонымен қатар маңызды нысандардың сыртқы жарықтандыруы уақытша сөндірілді.
Іс-шара барысында облыс көлемінде өндірістік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ қалалық және облыстық әкімдіктердің жарық шамдары сөндірілді. Нәтижесінде өңір бойынша 44 300 көше шамы өшіріліп, 32 657 кВт/сағ электр энергиясы үнемделді.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы Есенқос Әділбаевтың айтуынша, бұл бастама өңір тұрғындары мен мекемелерінің табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
-Биыл да өңіріміз бұл бастамаға белсенді қатысуда. Акцияның басты мақсаты – Жер планетасына назар аудару, табиғатты қорғау және электр энергиясын үнемдеу. Жалпы, 30-ға жуық өндірістік мекеме акцияға өз үлесін қосты. Нәтижесінде шамамен 813 кВт электр энергиясы үнемделді, - деді Есенқос Әділбаев.
Жер сағаты – бұл жай ғана жарықты өшіру емес. Бұл – табиғатқа деген құрмет, болашаққа деген жауапкершілік. Бір сағат – үлкен өзгерістің бастауы. Бүгінгі саналы қадам – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі. Табиғатты аялау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Ендеше, әр әрекетіміз арқылы Жерге жанашырлық танытайық.