«Президент болғым келеді»: Ақтаудағы балабақшада балалар түрлі мамандықпен танысады
«BabySkills» – мектеп жасына дейінгі балаларға алуан түрлі мамандықтармен танысуға мүмкіндік беретін қызықты жоба. Ақтаудағы №56 «Жұлдыз» балабақшасы – бұл жобаны алғашқылардың бірі болып қолдап, жүзеге асырған мектепке дейінгі мекеме. Бес жыл ішінде бүлдіршіндер өздерін шаштараз, дизайнер, мерчендайзер, тіпті сантехник рөлінде сынап көрді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Балабақша директоры Айгүл Иманалиеваның айтуынша, бес жыл бұрын Ақтау туризм колледжінен ынтымақтастық туралы ұсыныс түсіп, оны білім басқармасы қолдаған. Содан бері бақшада мектепке дейінгі балаларға ерте кәсіптік бағдар беру мақсатында «BabySkills» жобасы іске асырыла бастады.
«Біз әдетте тәрбиеленушілерімізден: "Өскенде кім болғың келеді?" деп сұрайтынбыз. Олар үнемі дәрігер, полицей немесе президент болғысы келетінін айтатын. Ал әлемде басқа да мамандықтардың бар екенін олар осы жобаның арқасында біліп жатыр. Бірақ балалармен жұмысты бастамас бұрын біз педагогтарды оқытамыз. Бізге колледждерден еріктілер келеді – біз ол ұйымдармен келісімшарт жасаймыз. Содан кейін балалар қандай мамандықтармен таныса алатынын анықтап, экскурсияларға барамыз. Тек ата-аналармен келіскеннен кейін ғана бұл оқытуды ересек және мектепалды даярлық топтарына енгіземіз»,– дейді №56 балабақша директоры Айгүл Иманалиева.
Жоба іске қосылған алғашқы жылдары бүлдіршіндер визуалды мерчендайзер (тауарлар жақсы сатылуы үшін және брендтің стилін сақтай отырып, витриналар мен сауда залын безендіретін маман), кәсіпкер, киім және аксессуарлар дизайнері сияқты мамандықтармен танысып, бисерлеу, киіз басу, құрақ құраумен айналысты.
«Биыл біз Энергетикалық колледжбен келісімшартқа отырдық. Онда автомеханик, сантехник сияқты басқа да мамандықтар бар. Сондай-ақ "Школьник" орталығымен келісім жасастық, онда балаларымыз түрлі кәсіптер туралы ақпарат алады. Мысалы, қыздарға шаш үлгісін жасау, дизайнер болу қызығырақ. Біздің бақшаға Раяна есімді қыз келетін, қазір ол 4-сыныпта оқиды, бірақ дизайнға деген қызығушылығы әлі сөнген жоқ — ол түрлі курстар мен үйірмелерге қатысып жүр. Балабақшада қыздар, әрине, шаш қимайды, бірақ манекенге немесе бір-біріне шаш үлгісін жасап, түрлі түйреуіштермен тәжірибе жасайды.
Әрине, ата-аналардың да бұл жобаға қатысуға қызығушылығы жоғары. "Школьник" орталығына жасалған экскурсиялардан кейін көбі тегін үйірмелердің бар екенін алғаш рет біліп, үлкен балаларын сонда берді. Ал туризм колледжіне барғаннан кейін, бір анамыз мектеп бітірген ұлына сонда түсуді ұсынды, қазір ол кондитер мамандығында оқып жатыр»,- деп атап өтті директор.
Қазіргі таңда балабақша республикалық деңгейге шығып отыр. Мұнда ерте кәсіптік бағдарлау әдістемесімен жұмыс істейтін басқа облыстармен келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ тәжірибені жинақтай отырып, төрт автор – балабақша педагогтары тәрбиешілерге арналған «BabySkills – ерте кәсіптік бағдар берудің жаңа тренді» атты әдістемелік құрал шығарды. Құрал екі тілде жарық көріп, жазушы педагогтар авторлық құқық алды. Енді бұл құжат бойынша балабақшаларда да, мектептің бастауыш сыныптарында да жұмыс істеуге болады.