Otpan News Logo

Ақтаудағы №24 мектеп цифрлық технологияны тиімді пайдаланып отыр

Ақтаудағы №24 мектеп цифрлық технологияны тиімді пайдаланып отыр

Білім сапасын арттыруды заманауи технологияларсыз елестету мүмкін емес. Ақтауда бұл бағыт іс жүзінде біртіндеп жүзеге асып келеді. Оған дәлел қаладағы №24 мектеп, деп хабарлайды otpannews.kz.



Бүгінде бұл жай ғана жалпы білім беретін мекеме емес, толыққанды цифрлық кеңістік. Оқу кабинеттері заманауи талаптарға сай интерактивті тақталармен, компьютерлермен және мультимедиялық құралдармен жабдықталған. Мұнда технологиялар оқу процесін жақсарту үшін қолданылады. Мектепте қауіпсіздік пен сабаққа қатысуды бақылайтын электронды жүйе енгізілген. Кіреберісте турникеттер орнатылған, оқушылар мен педагогтар мектепке фотосуреті бар дербес рұқсат қағаздары арқылы өтеді. Жүйе келу және кету уақытын автоматты түрде тіркейді. Бұл балалардың сабаққа қатысуын қадағалап, тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді.


Цифрлық шешімдер асхана жұмысын ұйымдастыруда да қолданылған. Мектеп асханасында есепке алудың автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді: арнайы құрылғыдан өткен кезде баланың келгені тіркеледі. Бұл тегін тамақтандыруды бақылауды қамтамасыз етіп, әкімшілік жұмысын жеңілдетеді.


«Бұл шаралардың енгізілуі мектептегі қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады деп есептеймін. Барлық оқушыға, педагог пен қызметкерге арнайы рұқсат қағаздары берілген. Соның арқасында олардың кіріп-шығуы қатаң бақыланып, жүйеде тіркеледі. 71 бастауыш сынып оқушысы ыстық тамақпен қамтылған. Олар тамақты «Отау 32» цифрлық жүйесі арқылы алады. Бала мектепке кірген кезде ата-анасына автоматты түрде SMS-хабарлама барады. Жүйеде ас мәзірі де көрсетілген. Ата-ана баланың қай күні, қай терминал арқылы тамақ ішкенін көре алады. Осындай заманауи әрі технологиялық жабдықталған мектепте жұмыс істегеніме қуаныштымын», - деді Гүлнұр Жолжігітқызы.


Мектептегі тағы бір маңызды бағыт – техникалық ойлау қабілеті мен цифрлық дағдыларды дамыту. Ол үшін мұнда тегін робототехника кабинеті ашылған. Оқушылар онда бағдарламалауды үйреніп, модельдер құрастырады және инженерия негіздерін меңгереді. Бұл балалар үшін жай ғана қызықты үйірме емес, болашақта сұранысқа ие болатын ІТ саласында өздерін сынап көру мүмкіндігі. Сабақты Yessenov University түлегі, информатика пәнінің мұғалімі Айдана Ерназарова жүргізеді. Ол сабақты теориядан гөрі практикаға көбірек негіздеп, тәжірибелер мен шынайы жұмысқа басымдық береді. Мұндай тәсіл балалардың ІТ саласына деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі.


«Өз жұмысымда балаларға жай ғана білім беріп қоймай, оларды заманауи талаптар мен болашақтағы өзгерістерге дайындауды мақсат етемін. Мен үшін әр оқушының жан-жақты дамуы маңызды. Мамандығым инженерлік бағытпен – информатика және цифрлық технологиялармен байланысты болғандықтан, маған жасанды интеллектімен жұмыс істеу ерекше қызық. Оқушыларды ЖИ мүмкіндіктерімен таныстырып, осы саладағы дағдыларын дамытуға және бұл технологияларды іс жүзінде қалай қолдануға болатынын көрсетуге тырысамын», – деп атап өтті Айдана Ерназарова.


Мектептегі оқу процесі электронды журналдармен және цифрлық платформалармен жүргізіледі. Ата-аналар онлайн режимде баланың үлгерімі мен үй тапсырмасын бақыласа, мұғалімдер жұмысты ыңғайлы жоспарлап, нәтижелерді сараптай алады. Дегенмен, цифрлық технологиялар дәстүрлі білім беруді ысырып тастаған жоқ. Мектепте кітапхана мен оқу залы жұмыс істеп тұр. Технологиялар заманына қарамастан, оқушылардың баспа кітаптарына деген қызығушылығы сақталған.


«Қазір технология заманы екені түсінікті. Жаңа технология оқу барысын жеңіл әрі ыңғайлы етеді. Бірақ біз үшін кітап оқу - процесінің маңызды бір бөлігі. Өзім кітап оқығанды ұнатамын», – дейді №24 мектептің 11 сынып оқушысы Жанна Шәтен.
39
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!