Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Келешек мектебінің келбеті

Келешек мектебінің келбеті

Мұнайлы ауданы Батыр ауылындағы №20 жалпы білім беретін мектеп — «Келешек мектебінің» жарқын үлгісі. 1200 оқушыға арналған жаңа білім ұясы – тек оқыту ғана емес, жан-жақты дамуға арналған кеңістік.



Мектептегі әр пәнге арналған 58 кабинет заманауи техникамен жабдықталған. Интерактивті тақталар, сандық лабораториялар мен робототехника құралдары – мұның бәрі жаңа форматтағы оқытудың кілті.



Оқушылар STEM зертханаларында инженерлік ойлау, тәжірибелік зерттеу мен инновациялық жобалармен айналысады. Бұл – келешек ғалым мен өнертапқыштардың алғашқы қадамы.



Сонымен қатар STEM зертханасы – оқушылардың логикалық ойлауын және зерттеу дағдыларын дамытуға арналған заманауи оқу кеңістігі. Мұнда 3D принтер, LED экран, жүрмелі тақта, 10-нан астам дрон, виртуалды шындық көзілдірігі, түрлі роботтар бар.



Мектепте шығармашылық бағыттағы арнайы визуалды өнер, дизайн студиясы, технология, шеберхана, тамақтану мәдениеті кабинеттері, хореография залы және 2 спорт зал бар.


Бұл орындарда оқушылар өз өнерлерін дамытуға мүмкіндік алады.



Бұл - визуалды өнер кабинеті. Мұнда оқушылар сурет салып, мүсін жасауды үйренеді. Шығармашылық қабілеттерін дамытып, әртүрлі бейнелеу өнері түрлерімен танысады.



Бұл кабинетте қыз балалар тігін тігіп, тоқыма тоқуды үйренеді. Оқушыларға ұлттық және заманауи сән үлгілерін жасау, іс тігудің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік беріледі.



Ал мұнда ұл балалар ағаш және металл өңдеуді үйренеді. Кабинет ағаш кесетін станоктармен, әртүрлі құрал-саймандармен жабдықталған. Оқушылар қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, қол еңбегі дағдыларын дамытады.


Ерекше білімді қажет ететін балаларға инклюзивті білім беру принципіне сай сенсорлық кабинет, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері де жабдықталған.



Үзіліс кезінде балалар тынығып, еркін демалуы үшін арнайы демалыс аймағы ұйымдастырылған. 



Мектепте оқушыларға арналған жеке шкафтар орналастырылған. Әр оқушы өзіне тиесілі шкафқа сөмкесі мен жеке заттарын қоя алады.



Мектеп дәліздерінің әрбір бұрышы ерекше дизайнмен жасалған. Қабырғаларға нақыл сөздер жазылып, әдемі суреттер салынған.



№20 жалпы білім беретін мектеп – келешек ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа форматтағы оқу орны.

84
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!