Жаңаөзен қаласында «Қайрат» футбол академиясының ресми филиалы ашылды
Жаңаөзен қаласында балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. Қалада тұңғыш рет «Қайрат» футбол академиясының ресми филиалы ашылып, заманауи ангар типтес жабық спорт залы пайдалануға берілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған нысанның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов, қалалық мәслихат төрағасы Ғалым Байжанов және Қоғамдық кеңес төрағасы Исенбай Қалдаманов қатысып, жаңа спорт кешенінің лентасын қиды.
Жаңа филиалда жаттығу процесі толықтай «Қайрат» футбол академиясының бекітілген әдістемесі бойынша жүргізіледі. Бұл өз кезегінде жас футболшылардың кәсіби деңгейде дайындалуына мүмкіндік береді.
Жобаның жетекшісі - Шыңғыс Амангелді. Ол бұған дейін «Каспий» футбол клубында қызмет атқарып, өңірдегі футболды дамытуға өз үлесін қосқан маман. Оның айтуынша, негізгі мақсат - Жаңаөзендегі футболдың деңгейін көтеріп, балаларды кәсіби түрде спортқа баулу.
Филиалға 6 жастан 16 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Үйірме ақылы негізде жұмыс істейді. Сонымен қатар жаз мезгілінде үздік тәрбиеленушілер «Қайрат» академиясына барып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.