Ақтаулық жас суретші Парижде топ жарды
Франция астанасы Парижде өткен «Etoiles de Paris» («Париж жұлдыздары») 36-шы халықаралық өнер байқауында ақтаулық жас дарын Әлия Маркс ерекше шеберлігімен көзге түсіп, ең жоғарғы марапат - Гран-при жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
2026 жылдың 29 наурызында өткен бұл беделді додаға әлемнің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Чехия, Армения, Франция және Қазақстан елдерінен келген ең талантты жас өнерпаздар қатысты. Көп жанрлы байқаудың мақсаты - жас дарындардың шығармашылық әлеуетін ашу, оларға қолдау көрсету және мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайту.
Байқаудың «Көркемсурет» номинациясы бойынша бақ сынаған Әлия Маркс өзінің ерекше стилімен қазылар алқасын тәнті етіп, Гран-при иегері атанды. Ол Ақтау қаласындағы №13 гимназияның 10-сыныбында оқиды. Сондай-ақ, Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінің көркемөнер бөлімінде дәріс алады.
Жас суретшінің туындысы бояулардың қанық әрі үйлесімді қолданылуымен және терең философиялық мазмұнымен ерекшеленді. Бұл жеңіс - Әлияның қажырлы еңбегі мен табиғи талантының, сондай-ақ оның білікті ұстазы Нұрболат Жазықбаевтың жүйелі дайындығының нәтижесі.