Татьяна Мурадян: “Менің үйім – Қазақстан”
Қазақстан – әлемдегі этникалық құрамы бай елдердің бірі. Мұнда жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында, ортақ мақсат жолында еңбек етіп жатыр. Бүгінде «бірлік» ұғымы біз үшін жай ғана сөз емес, елдіктің берік іргетасына айналды. Otpannews.kz тілшісі балалық шағын қазақтардың ортасында өткізген, өз болмысын қазақилықпен қатар ұштастыратын Қазақстан ассамблеясының мүшесі, медиатор Татьяна Мурадянмен сұхбаттасып, әңгіме өрбітті.
Татьяна – қоғамға белсене араласқан жан. Ол Іскер әйелдер ассоциациясының, Қазақстан халқының ассамблеясы және Аналар кеңесінің мүшесі, сондай-ақ Армян аналар кеңесінің төрағасы. Ол Әзербайжанда дүниеге келсе де, өмірінің көп бөлігін Қазақстанда өткізгенін айтады.
“Мен Әзербайжан елінде тудым. Бірақ менің Отаным – Қазақстан. Өйткені мен осы елде өмірімнің көп бөлігін өткіздім. Осы елде оқыдым, жұмыс істеп, отбасын құрдым. Ұл-қызымды дүниеге әкеліп, осы елден дос таптым. Қазақстанның нанын жеп, асын іштім. Осындай құтты шаңырақ астында өмір сүріп жүргеніме ризамын. Мен – Қазақстанның патриотымын”,- деді Татьяна Мурадян.
Оның жек көретін сауалдарының бірі – “Қазақстаннан көшуді жоспарлайсыз ба?”. Айтуынша, осы сұрақты естісе төбе шашы тік тұрып, тіпті ренжіп те қалады. Өйткені Татьяна үшін Қазақстан тек өмір сүріп жүрген ел емес, Қазақстан – оның үйі.
“Менің достарым да, таныстарым да, ортам да – қазақ. Ұлтым басқа болса да жаным қазақылыққа тартып тұрады. Менің отбасым да, елім де – көпұлтты. Дәл қазір отбасымызда қазақ ұлтынан адам жоқ. Бірақ қазақ дәстүрі мен салты біздің күнделікті тіршілігімізге әбден сіңіп кеткен. Анам да, мен де, балаларым да қонақ күткенді жақсы көреміз. Үйге келген мейманның қолына су құйып, үйге көрпе жайып, ет асамыз. Бауырсақ ұсынып, асығыс жанға наннан ауыз тиюге береміз. Ұлым – мерекелік іс-шараларды қазақ тілінде жүргізетін мектептегі белсенді оқушы”,- деді Татьяна Мурадян.
Оның айтуынша, қазақтың әр ғұрпының мәні – зор. “Батамен ел көгереді” демекші, Таня да ылғи алғыс алуға тырысады.
“Мен осы күнге дейінгі өмірімнің 57 жылын Қазақ елінде өткізіппін. Ал анам мұнда не бәрі 17 жасында келін болып босаға аттап, қазіргі Қызылсай, сол кездегі ескі Жаңаөзенге көшіп келді. Анам да, бауырларым да, мен де осы елде өсіп-өнудеміз. Анам киелі Маңғыстаудың топырағына әбден бауыр басты. Тіпті ел ішіндегі өзге қалаға барғанда да Маңғыстаудың той-томалағын, жиындарын сағынып отырады”,- деді Татьяна.
Таняның анасы Анна әжей бүгінде 77 жаста. Қазақстанда 60 жыл өмір сүріп келе жатқан кейуана зейнет жасынан өтсе де еңбек етіп, жұмыс істеп келеді.
“Биыл қарттар үйінде жұмыс істеп жүргеніме – 34 жыл. Мен мұнда жұмыс істеп, замандастарыммен әңгіме-дүкен құрамын. Қазақ шаңырағында өсіп, жапырағым кеңге жайылды. Еліме, халқыма айтар алғысым шексіз”,- деді Анна Мурадян.
Татьяна Мурадян мен оның отбасы – Қазақстандағы татулық пен бірліктің айқын көрінісі. Өйткені олар ұлты бөлек болғанымен, қазақы құндылықтарды бойына сіңіріп, осы елдің салт-дәстүрін құрметтеп, өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған отбасы. Татьяна Мурадянның әңгімесі Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы үйлесім мен өзара сыйластықтың нақты дәлелі. Осындай тағдырлар арқылы «бірлік» ұғымы сөз жүзінде емес, іс жүзінде қалыптасып, елдің берік негізіне айналып отырғанын көруге болады.