Ақтауда студенттер мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу мүмкіндігін талқылады
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың қатысуымен мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру – мүмкіндіктері мен бағыттары» атты кездесуде Тоқтамыс Жұмағұлов білімді, білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту басты мақсат екенін атап өтті.
“Мемлекеттік қызметке жастарды тарту үшін ағарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында да ақпарат тарату жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мектеп, колледж, университеттен бастап жастарды іріктеу басталады. Бейімделген азаматтарды мемлекеттік қызметке аламыз. Оған қоса оқу орнында балы жоғары студенттер ешқандай іріктеусіз жұмысқа қабылданады. Ешкімге басымдылық берілмейді, таныстың көмегіне жүгінбейді. Сондықтан осындай мүмкіндікті пайдалану керек. Қазіргі кезде аяқтай барып жұмысқа өтініш беру деген жоқ. Барлығы онлайн форматта жүзеге асады. Кім жоғары балл алады сол адам жұмысқа орналасады. Барлығы әділ түрде өтеді», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысы.
Іс-шарада мемлекеттік қызметке қабылдану тәртібі, қойылатын талаптар мен қазіргі таңда ұсынылып отырған мүмкіндіктер туралы ақпарат айтылды. Бірнеше айдан кейін университет бітіріп, диплом алуға дайындалып отырған студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Кездесу барысында жастарға мемлекеттік қызметтің артықшылықтары түсіндіріліп, мансаптық өсу жолдары мен кәсіби даму бағыттары сөз болды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесудің негізгі мақсаты мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен жұмысқа қабылдау тәртібінің онлайн форматта қолжетімді екенін түсіндіру екенін атап өтті.
Айта кетейік, биыл университетті 1700-ден астам білім алушы аяқтайды.