Otpan News Logo

Өңірдегі құрылыс: Маңғыстауда үлескер тартуға құқылы 3 қана нысан бар

|
30.03.2026 10:26
Өңірдегі құрылыс: Маңғыстауда үлескер тартуға құқылы 3 қана нысан бар

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы аумағында 127 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып жатыр. Оның басым бөлігі Ақтау қаласында орналасқан (110 нысан), қалғаны Жаңаөзен қаласы (16 нысан) мен Мұнайлы ауданында (1 нысан), деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Өңірде салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің саны көп болса да, тек 3 тұрғын үй кешенінің ғана үлескерлердің қаражатын тартуға ресми рұқсаты бар. Олар: «Manhattan» ТҮК-і («КУРЫЛЫСШЫ 7» ЖШС), «Avenue Park» ТҮК-і («БС Строй» ЖШС) және «Bluewaters» ТҮК-і («Iksor Devolment»).


Мамандардың айтуынша, кейбір азаматтар төмен баға мен әдемі эскиздік суреттерге алданып, заңсыз құрылыс компанияларымен келісімшарт жасайды. Мұндай жағдайлар азаматтарды құқықтық кепілдіктен айырып, салынған ақшаны қайтаруды қиындатады.


Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы сатып алушыларға келесі ережелерді қатаң сақтауды ұсынады:

1. Құжаттарды мұқият тексеру

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға сәйкес, үлескерлердің ақшасын тарту тек мынадай жағдайларда заңды болып саналады:

  • Бірыңғай оператордың кепілдігі болса;
  • Екінші деңгейдегі банктің қаржыландыру туралы шешімі мен әкімдіктің рұқсаты болса;
  • Ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, әкімдіктен тиісті рұқсат алынса.


2. Тек заңды шартқа қол қою

Үлестік қатысу шарты әкімдікте есепке қойылған кезден бастап қана жасалған болып есептеледі. Келесі шарт түрлерін жасасуға тыйым салынады:

  •  Алдын ала сатып алу-сату шарты;
  •  Брондау немесе қарыз шарты;
  •  Алдын ала үлестік қатысу шарты және басқа да жанама мәмілелер.


3. Күмәнді жағдайда хабарласу

Егер құрылыс салушының әрекеті күмән тудырса, Маңғыстау облысы мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларының әкімдіктеріне, прокуратура органдарына немесе Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына хабарласу қажет. Онда мамандар заңдық кеңес беріп, ресми түсіндірме жасайды.


“Тұрғындарды заңсыз құрылыс компанияларына сенбеуге, тек уәкілетті рұқсаты бар құрылыс салушылармен шарт жасауға шақырамыз. Біздің ортақ мақсатымыз – тұрғындардың құқықтарын қорғау және аймақтағы құрылыс саласының заңды әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз ету. Өз құқығыңызды қорғау үшін тек ресми рұқсаты бар компаниялармен ғана іс жүргізіңіз”,- деді басқарма мамандары.
64
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!