Экология жанашыры : Маңғыстаулық студент 500 ағашты күтіп баптайды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Маңғыстау өңірінде қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстары жаңа серпін алды. Бүгінде облыс жастары тек ерікті болып қана қоймай, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың нағыз драйверіне айналып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Солардың бірі – 19 жастағы табиғат жанашыры Жандарбек Күзембай. Ол үш жылдан бері аула бақшасын баптап келеді. Жандарбек биыл шие ағашы мен хош иісті раушан гүлдерін еккен.
“Мен осы аулаға келіп, бақша жұмыстарымен айналысып жүргеніме биыл – 3 жыл. Алғашында осы тұрғын үй кешенінде тұратын, аулаға күтім жасап жүрген апайға көмектесіп жүрдім. Кейін апай мені көмекке жиі шақыратын болды. Аулаға келіп, тал отырғызу, гүл егу маған ұнай бастады. Сөйтіп менің бау-бақшаға қызығушылығым оянды”, - дейді Жандарбек Күзембай.
Бүгінде бұл аумақ жай ғана аула емес, 500-ден астам ағашы жайқалған нағыз жасыл оазиске айналған. Жандарбек үшін бұл жер – жай ғана бақ емес, табиғатқа деген шексіз құрметтің нышаны.
Жандарбек – болашақ заңгер. Ол бұл шағын ауданда тұрмаса да, оқудан бос уақытының басым бөлігін осы бақты күтіп-баптауға арнайды.
“Мен биыл шие ағашын отырғыздым. Шие алғаш жемісін үш жылдан кейін ғана береді. Жалпы тал егуге дайындық маусымы күзде басталады. Жерді дайындап, қазып қою қажет. Қыс бітіп, көктем басталар шақта ағаш отырғызып, күтіп-баптаймын”, - дейді маңғыстаулық жас Жандарбек.