Боранқұлда «Жас сақшы» сыныбы ашылды
Боранқұл ауылындағы «Опорный» жалпы білім беретін мектебінде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері, полиция подполковнигі Жолдасқали Сатқанбаевтың атына «Жас сақшы» сыныбының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Таңат Нұрмағанбетов, Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Мұқан, ішкі істер органдары ардагерлері кеңесінің облыстық филиалының төрағасы Мұхтар Садақбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Еркебұлан Изкенов, сондай-ақ ІІО ардагерлер кеңесінің аудандық филиалының төрағасы Теміржан Тажмуханов және Бейнеу аудандық білім бөлімінің басшысы Шоқан Жаулиев мен білім беру саласының мамандары қатысты. Арнайы шақырылған қонақтар қатарында ардагер Жолдасқали Сатқанбаевтың жұбайы Төлепбергенова Сайлаугүл Құмарбекқызы мен оның інісі Дүсіпов Жұмабек болды. Шара барысында қонақтар ардагер Ж.Сатқанбаевтың өмір жолы мен қызметін насихаттайтын сурет көрмесін тамашалап, жаңадан ашылған «Жас сақшы» сыныбының жұмысымен танысты.
Аталған бастаманың негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, оқушылардың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, құқық қорғау органдарына деген құрметті арттыру. Сонымен қатар, полиция подполковнигі Сатқанбаев Жолдасқали Қауылбайұлының өнегелі қызмет жолын үлгі ете отырып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.