Маңғыстауда балалардың терезеден құлау жағдайы жиілеп кетті
Төтенше жағдайлар саласының мамандары соңғы жылдары көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлап кету оқиғасы жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағып отыр. Бұған не себеп және қалай алдын алуға болады? Otpannews.kz сайтының тілшісі мамандардан сұрап білді.
Күн жылынып, пәтер терезелері ашылатын сәттен бастап құтқарушылар мен дәрігерлер дабыл қағады. Өкінішке орай, Маңғыстау облысында көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлап кетуіне байланысты жазатайым оқиғалар жиілеп кетті.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері өңірде балалардың терезеден құлауына байланысты 5 оқиға тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда (2025 ж. 1 тоқсанында -3 оқиға)1,6 есеге көбейіп отыр.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
«Көпқабатты тұрғын үйлерден құлап кететін қауіпті топ — 2-6 жас аралығындағы балалар. Себебі, бұл бүлдіршіндер белсенді, қызығушылығы өте жоғары, бәрін зерттегісі келеді. Қауіпті толық түсінбеген соң жиһаздарға (орындық, үстел, диван) оңай өрмелеп шығады. Сондықтан бұл балаларға үнемі ересектердің бақылауы қажет. Сондықтан ата-аналар мен тұрғындар балалардың өмірі, қауіпсіздігі – біздің қолымызда. Қауіптің алдын алу – әрқайсымыздың міндетіміз. Терезеге арнайы құлып немесе шектеуіш орнату, терезе алдына жиһаз қоймау, баланы ешқашан жалғыз қалдырмау, москит торына сенбеу, баламен қауіпсіздік туралы сөйлесу секілді қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстану балаңыздың өмірін сақтап қалады», - дейді Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Наргиз Ниязова.
Мамандардың айтуынша, көпқабатты үйден құлаған балалардың дені – ата-ананың қарауынсыз және үйде жалғыз қалғандар. Сондай-ақ терезеде қорғаныш торлар, құлыптар немесе шектеуіштердің болмауы, терезенің толық ашылып кетуі де - басты себептердің бірі.
Наргиз Ниязова 2018 жылдан бастап көпқабатты тұрғын үйлер мен мектеп терезелеріне қауіпсіздік блоктарын орнату талаптары бойынша заңнамаға біршама өзгерістер енгізілгенін айтады.
«2018 жылы техникалық талаптар бойынша мемлекеттік стандарт қолданысқа енгізілді. Мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде және тұрғын үйлерде терезе блоктарын қауіпсіздік құлыптарымен жабдықтау туралы талаптары толықтырылған. (МС 23166-99 «Терезе блоктары. Жалпы техникалық шарттар») Заңнамаға терезе ойықтарының құлыптармен және қауіпсіздік тетіктерімен қамтамасыз етілуіне қатысты толықтырулар енгізілді («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы 23.02.2024 жылғы). Қазақстан Республикасының Құрылыс нормалары 3.02-01-2023 ҚР ҚН «Көппәтерлі тұрғын үй ғимараттары» нормативтік құжатының 5.3.9-тармағында: «Көпқабатты тұрғын үйлерді жобалау мен салу, терезе конструкцияларының ашылатын элементтерінен адамдардың абайсызда құлап кетуіне жол бермеу шараларын ескере отырып жүзеге асырылады. Балалардың жарақат алуын және құлау мүмкіндігін болдырмау мақсатында терезе блоктары қауіпсіздік құлыптарымен жабдықталуы қажет»,- деді ол.
Жауапты маман жазатайым оқиғалардың көбейіп кетуіне байланысты әрбір тұрғын қауіпсіздік шарасымен қоса, алғашқы көмекті де қаперінде ұстауы керек екенін айтады. Баланың терезеден құлауы өте ауыр жарақатқа әкелуі мүмкін. Мұндай кезде алғашқы көмек дұрыс әрі тез көрсетілуі өте маңызды.
«Мұндай жағдай орын алғанда дереу 103 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз. Баланың жағдайын нақты сипаттаңыз (есінен танды ма, қан кетіп жатыр ма, тынысы бар ма), жауап бере ала ма, жылай ма бақылау қажет. Тыныс алуын бақылаңыз, пульс бар-жоғын тексеру керек. Бұл өте маңызды ақпарат. Кейін көмек келгенше баланы қозғалтпай, бас пен мойнын бір қалыпта ұстаңыз. Егер қандай да бір дене бөлігінен қан кетсе таза мата немесе бинтпен жараны басып, қан тоқтатуға тырысыңыз»,-деді Наргиз Ниязова.
Айта кетейік, жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша азаматтық қорғау органдары қызметкерлері ұдайы түсіндіру мен түрлі акциялар ұйымдастырады.