Маңғыстауда көші-қон саласындағы электронды қызмет үлесі артып келеді
Маңғыстауда көші-қон саласындағы мемлекеттік қызметтің басым бөлігі электронды форматта жүргізілуде. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон мәселелері жөніндегі бөлімнің бас маманы Саида Тастығараева айтты.
Спикердің айтуынша, жаңа пилоттық жоба ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі және Ішкі істер министрлігінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы бірлескен бұйрықтарына сәйкес іске асырылуда.
-Жобаның негізгі мақсаты – көші-қон үдерістерін цифрландыру және үміткерлерді бағалау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру. Қазіргі таңда тұрақты тұруға үміткерлерді бағалау бес кезеңнен тұратын цифрлық скоринг жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бірінші кезең – өтініш беру. Үміткерлер «migration.enbek.kz» порталы арқылы тіркеліп, онлайн форматта ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырады. Екінші кезең – тестілеу. Қазақ тілін білу деңгейі 60 сұрақтан тұратын тест арқылы бағаланады. Тестілеу ұзақтығы 1 сағат 10 минут. Қажетті ең төменгі деңгей – A1. Үшінші кезеңде үміткер өз мәліметтерін енгізіп, қажет болған жағдайда құжаттарын тіркейді. Осы кезеңде автоматты түрде балл есептеледі. Төртінші кезең ведомствоаралық тексеруде ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдары өтініш беруші туралы мәліметтерді 20 жұмыс күні ішінде тексереді. Бесінші кезең – әңгімелесу. Тексеру нәтижелері оң болған жағдайда үміткер әңгімелесуге жіберіледі. Әңгімелесуден сәтті өткен тұлғаларға тиісті сертификат беріледі. Жалпы, барлық рәсімдердің мерзімі 29 жұмыс күнінен аспайды, - деді Саида Тастығараева.
Брифинг барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері бөлімінің бас маманы Жанаргүл Нұрғазиева жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу үшін өтінішті электрондық форматта «электрондық үкіметтің» www.egov.kz, www.elicense.kz, migration.enbek.kz порталдары арқылы жүзеге асырылатынын айтты.
-Жұмыс беруші бос жұмыс орындары туралы мәліметті электрондық еңбек биржасына (www.enbek.kz) орналастырады. Күнтізбелік 15 күн өткен соң шетелдік жұмыс күшін тартуға өтініш жібере алады. Өтініш берілген күнді есептемегенде 1 жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттарды қарап, құжаттар топтамасының толықтығы мен дұрыстығын тексереді. Құжаттар тіркелген күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде рұқсат беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылданады. Шешім жергілікті атқарушы орган басшысының бұйрығымен рәсімделеді, - деді Жанаргүл Нұрғазиева.