Ақтаулық Илья Васильев Таиландтағы Oceanman жарысында үздік бестікке енді
Өткен жылы 68 жастағы Илья Васильев Oceanman Aktau жарысына қатысып, өз жас санаты бойынша жеңімпаз атанған болатын. Биыл жерлесіміз Oceanman Krabi-2026 додасында сынға түсті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Каспий теңізінде өткен Oceanman Aktau жарысы туралы Илья Васильев кездейсоқ білген. Ол бір қолымен 10 км жүзіп, өткен жылы чемпион атанған Қуаныш Асқармен танысып, бірге бірнеше жаттығу да өткізген. Кейін өзі де жарысқа қатысып, өз жас санатында бірінші орын иеленді.
Қазір Илья Васильев 68 жаста. Бұрын ол «БН-350» РУ-да бас инженер болып жұмыс істеген. Зейнетке шыққан соң жүзумен айналысып, сүйікті ісі суасты аңшылығына көбірек уақыт бөле бастаған. Ол ауа райына, толқынға және теңіз суының температурасына қарамастан алысқа жүзеді.
Ашық суда жүзуден «Oceanman Krabi 2026» жарысы наурыз айының соңында Тайландта өтті. Бұл жарыстарды жүзушілерге арналған марафон деп сеніммен атауға болады. Мұнда толық марафон (10 км), жартылай марафон - Half Oceanman (5 км), Sprint (2 км) және балаларға арналған (Oceankids - 500 метр) қашықтықтары бар.
Осы беделді халықаралық жарысқа ақтаулық «морж» та қатысқан еді. Илья Васильевтің айтуынша, басты қиындық судың температурасы болған.
«Мен үшін жылы суда жүзу өте қиын болды. Алғашқы километрлерде-ақ жарыстан шығып қаламын деп ойладым. Оның үстіне старт күннің ең ыстық уақытында - сағат үште берілді. Бірақ екінші километрде екінші тыныс ашылып, көптеген жүзушілерді басып оздым. Нәтижесінде бесінші орын алдым. Мен ең жасы үлкен қатысушылардың бірі болдым. Сондай-ақ жарыста 73 жастағы француз, 74 жастағы америкалық 10 км қашықтықта жүзді, ал шамамен 80 жастағы азиялық спортшы менімен бірге 2 км қашықтықта жүзді», - деді ол.
Жалпы, бұл жарысқа 50-ден астам елден 522 адам қатысты. Олардың ішінде Қазақстаннан 13 жүзуші барған. Олар бұл сында 5 алтын және 3 күміс медаль иеленді.