Қазақстандағы машина жасау саласындағы өсім: Инвестициялар, жаңа өндіріс орындары және ішкі нарықтағы өзгерістер
Соңғы жылдары елімізде машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың 11 айының нәтижесінде машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 11,6%-ға ұлғайды, деп жазады otpannews.kz.
Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков машина жасау саласындағы өндіріс көлемінің артуына көлік құралдары, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасы, жабдықтар мен тұрмыстық техника өндірісінің артуы себеп болғанын атап өтті. Ал бұл көрсеткіштердің өсуі ішкі сұраныстың артуына, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларына байланысты екен.
Қазақстанның автокөлік одағы машина жасау саласында автокөлік өндірісі рекордтық нәтижеге қол жеткізіп отыр дейді. Одақтың хабарлауынша, Қазақстанда былтыр жалпы құны 2,3 трлн теңгеден асатын 171 144 бірлік барлық типті көлік құралы, оның ішінде жеңіл авто, автобустар, жүк көліктері шығарылды. Ал 2024 жылы бағасы 1,9 трлн теңге болатын 145 290 бірлік техника өндірілген. Жыл қорытындысы бойынша сала өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің 8%-ын қамтып отыр, ал машина жасау саласындағы үлесі – 41,7% құрады.
Бұған дейін Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашева қазақстандық автомобильдер ішкі нарықтан ойып тұрып орын ала бастағанын атаған.
- 2025 жыл отандық автоөнеркәсіптің сапалы дамыған жылы болды. Өндіріс қуаты артып, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы жұмыс орындарын ашуға тікелей әсер етті, қазір бұл салада 11 мыңнан аса маман еңбек етіп жатыр. Автомобиль өнеркәсібі машина жасау құрылымындағы орнын нығайтып, көлемі 41%-ға жуықтады және жалпы өңдеу секторының 8%-ға жуығын қамтыды. Компонент өндірушілердің сенімі артқанын көріп отырмыз, жаңа инвестициялар келіп жатыр, қазақстандық автомобильдер ішкі нарықтан ойып тұрып орын ала бастады. Алдағы мақсат локализация қарқынын арттырып, өндірісті дамыту, - дейді ол.
Машина жасау саласындағы өсім тек статистикамен шектелмейді. Елімізде жаңа өндіріс ошақтары ашылып, зауыттар көбеюде. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі экономиканы индустриялық дамыту және әртараптандыру бойынша жұмыстардың нәтижесінде былтыр жаңа 33 өнеркәсіптік кәсіпорны ашылғанын мәлімдеді. Жаңа нысандар еліміздің әртүрлі аймақтарында орналасқан және машина жасау саласын да қамтиды. Атап айтқанда, Алматы қаласында «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС машина жасауды қолға алды. 182 млрд теңге инвестиция мен 3 600 жұмыс орны бар өндіріс ошағының қуаты жылына 120 мың жеңіл автокөлік шығаруға қауқарлы. Қостанай облысындағы «KIA Qazaqstan» ЖШС жылына 70 мың автомобиль шығарады. 131,5 млрд теңге инвестиция салынған жоба 1500 адамды жұмыспен қамтиды. Осы өңірдегі «KamLitKZ» ЖШС 550 жұмыс орнын ашып, жылына 74 мың машина өндіруді қолға алды.Еліміздің батысы Атырауда теміржол машиналарын жасауға жаңа бетбұрыс ашылды. Онда «ТексолТранс» ЖШС 30,8 млрд теңге инвестициямен 2 160 жартылай вагон, 885 платформа, 165 жабық вагон және 900 цистерна өндіреді. 180 адамды жұмыспен қамтиды. Ал Павлодарда «Евразийский Механический завод» ЖШС жылына 8 700 бұйым жасап шығарады. Машина жасау өндірісін Түркістандағы «Bir beldeu bir zhol technology» ЖШС-да істейді. Онда жылына 518,4 мың дана өнім шығады. Солтүстікте «QILU Agro» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасын өндіреді. Олар 500 трактор, 150 тіркеме техника, 200 аспалы техника, 150 суару жүйесіне қатысты техниканы жасап шығарады. Алматыда «Алтын Групп» ЖШС жылына 250 мың модульді, 2,9 млрд теңге инвестиция мен 87 жұмыс орнын қамтып отыр. Астанада «БайконурСтройСнаб» ЖШС жылына 240 мың тежегіш бөлшек жасап шығарады.
Инвестиция тартылып, өндіріс орындарының ашылуынан елімізде машина жасау саласы тек автомобиль өндірісімен ғана шектелмей, теміржол техникасын, ауыл шаруашылығы машиналарын және басқа да өнеркәсіптік өнімдерді өндіруді қамтып отырғанын байқаймыз.
Отандық машина жасауды қолдау және тиімді дамытуды іске асырып отырған «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» 700-ге жуық машина жасайтын кәсіпорынды біріктіріп отыр. Одақ саланың жүйелі проблемаларын шешуге жәрдемдесіп, кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты жолға қояды, заңнаманы, нормативтік саланы және техникалық реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмысқа атсалысады. Бүгінде одақтың бастамасымен Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданып, іске асып келеді.
«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбековтің сөзінше, машина жасау саласы тұрақты өсімді көрсетіп келеді.
– Отандық машина жасау бүгінде өңдеуші өнеркәсіптің негізгі салаларының бірі әрі Қазақстанның индустриялық дамуының базалық тірегі болып отыр. Салада 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олар 37 қосалқы саланы қамтиды. Машина жасау тұрақты өсім көрсетіп, өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі шамамен 20%-ға жетті. Егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,7 трлн теңгеге жетіп, 8,5 есеге артып отыр, – деді Талғат Базарбеков kazinform.kz-ке берген сұхбатында.
«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» бүгінде Германия, Франция, Корея, Италия, Австрия, Қытай, Мажарстан, Түркия сияқты елдердің машина жасау саласындағы одақтарымен ынтымақтастықта. Одақ алдағы уақытта «Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында өндіріс көлемін 4,5 есеге, экспортты 3 есеге, еңбек өнімділігін 2 есеге, инвестиция көлемін 1,5 есеге арттыруды көздеп отыр.