Халықаралық стандарттар деңгейіндегі білім: Мұнайлыдағы жаңа мектептерде қалай оқытады?
2025-2026 оқу жылының басында пайдалануға берілген 1200 орындық №19 жалпы білім беретін мектеп қысқа уақыт ішінде өңірдегі білім мен ғылымның маңызды ошағының біріне айналды. Бүгінде бұл мектеп заманауи технологияларды және жоғары білікті кадрлық әлеуетті ұштастыра отырып, нақты құрылған даму стратегиясы бар білім ордасы ретінде танылып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мектеп ғимараты соңғы буындағы заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Пәндік зертханалар, STEM кабинеттері, робототехника және шығармашылық студиялар оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған. Мұндай инфрақұрылым халықаралық стандарттарға сай білім алуға мүмкіндік береді.
Мектептің алғашқы жетістіктерінің негізінде тұрақты педагогикалық ұжым мен тиімді басқару жүйесі жатыр. Бүгінде мектепте 132 мұғалім қызмет етеді. Соның ішінде қысқа уақыт ішінде ұстаздардың 15%-ы түрлі байқаулардың жүлдегері атанып, мектептің беделін арттырды. Педагогтардың әдістемелік жетілуі мен кәсіби дамуына бағытталған «Авторлық даму» жобасының маңызы зор.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Таным, тәрбие, тағылым» атты педагогикалық хакатонда мектеп мұғалімі І орынды иеленді. Сонымен қатар «Әдістемелік вернисаж» байқауында үш педагог республикалық деңгейде ІІ және ІІІ орындарға ие болды. «Менің зерттеу жобам» облыстық байқауында және «Алтын тұғыр» олимпиадасында ұстаздар І және ІІ орындарды жеңіп алды. «Дін – діңгегім» атты облыстық эссе байқауында ІІІ орынға ие болды.
Мұғалімдер тек білім саласында ғана емес, спортта да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Маңғыстау облысы мұғалімдерінің VI спартакиадасында тоғызқұмалақтан І орын, сондай-ақ ардагер ұстаздар арасында футзалдан және «Туризм – салауатты өмір салты 2025» атты отбасылық байқауда ІІІ орынға ие болды.
Мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған бірегей жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «№19 арна» жобасы мектеп өмірін насихаттап, медиасауаттылық пен кәсіби бағдарды дамытады. «Жас дебат» клубы шешендік өнер мен сыни ойлауды жетілдіреді. Ал бірінші сынып оқушыларына арналған «Сауатты оқимын» жобасы оқу жылдамдығы мен функционалдық сауаттылықты арттыруға бағытталған.
Мектептің басым бағыттарының бірі – ғылым мен техника. Қазіргі таңда 197 оқушы ғылыми жобалар (86), робототехника (85) және техникалық шығармашылық (26) бағыттары бойынша білім алуда. «Зерде» байқауының облыстық кезеңінде Бақтыбай Жансезім, Сисенбай Ақырза және Орынбай Дана І орын иеленді. Республикалық кезеңде Орынбай Дана мен Сисенбай Ақырза ІІ орын, ал Бақтыбай Жансезім ІІІ орынға ие болды.
11-сынып оқушысы Орынбай Динара «Дарын» республикалық байқауында «Ерекше жетістіктері үшін» грамотасымен марапатталды. «Roboland 2026» облыстық кезеңінде Марат Жанарыс пен Нұрберген Жандарбек «Робот құрастыру» санатында І орын алды. «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» байқауында Бақыт Асет құтқару кемесінің моделін ұсынып, республикалық деңгейде ІІ орын иеленді. Сондай-ақ көлік, кеме және зымыран модельдеу бағыты бойынша бес оқушы облыстық деңгейде жеңімпаз атанып, республикалық сертификаттарға ие болды.
Мектеп ұжымы аталған жетістіктермен тоқтап қалмайды. Қазіргі уақытта AEROO халықаралық ғарыштық зерттеулер байқауына дайындық жүріп жатыр. Сонымен қатар 2026 жылдың сәуір айында Steam.kz платформасымен серіктестік орнату жоспарланып отыр.