Құрық ауылында абаттандыру және заңсыз нысандарды жою жұмыстары жүргізілді
Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту, санитарлық жағдайын ретке келтіру және заңсыз құрылыстарды жою бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сай, аталған іс-шаралар аясында ең алдымен жөндеу жұмыстары жоспарланған көппәтерлі тұрғын үйлерге жапсарласа салынған заңсыз құрылыстар сүріліп, аумақты тазарту жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл қадам тұрғын үйлердің сыртқы келбетін ретке келтіруге, сондай-ақ алдағы жөндеу жұмыстарын сапалы әрі кедергісіз жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Құрық жағажайында алдағы шомылу маусымына дайындық басталып, теңіз жағалауында орналасқан заңсыз кәсіпкерлік нысандарды жою жұмыстары қолға алынды. Жағажай аумағын талапқа сай ретке келтіру-демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен туристік тартымдылықты арттырудың маңызды бөлігі болып табылады.
Бұдан бөлек, ауыл ішіндегі көше жарықтандыру жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар учаскелерде жарық шамдары қайта іске қосылды. Сондай-ақ елді мекен көшелерінің жол жиектерін сыпыру жұмыстары ұйымдастырылып, тазалық талаптарын сақтау шаралары күшейтілді.
Құрық ауылында қолға алынған бұл жұмыстар – күнделікті тіршілікке тікелей әсер ететін нақты істердің көрінісі. Ауланың тазалығы, көшенің жарығы, жағажайдың ретке келтірілуі – мұның бәрі тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жасалған қарапайым, бірақ маңызды қадамдар.