Бибісара Асаубаева ФИДЕ үміткерлер турнирінде көш бастады
Маңғыстаулық шахматшы Бибісара Асаубаева турнир кестесінде көш бастады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кипрде әйелдер арасындағы әлем чемпионы атағына үміткерді анықтайтын ФИДЕ үміткерлер додасының үшінші тур қорытындысы бойынша Бибісара Асаубаева турнир кестесінің жоғары сатысына жайғасты.
Үшінші турда қытайлық Чжу Цзиньэр мен ақтаулық Бибісара Асаубаева арасындағы партия күрделі әрі тактикалық тартысты өтті. Бұл кездесуде жерлесіміз қарсы шабуылдағы шеберлігін тағы бір рет дәлелдеді.
Чжу Цзиньэр мат қаупінен құтылып, ойынды әртүрлі түсті пілдермен эндшпильге жеткізгенімен, Асаубаева артықшылығын жоғары дәлдікпен жүзеге асырып, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмастан жеңіске жетті.
Үшінші турдан кейін турнир кестесінде бірінші орынды Бибісара Асаубаева иеленсе, екінші орында ФИДЕ туы астында өнер көрсететін Катерина Лагно тұр. Келесі турда Бибісараның тағы бір қытайлық шахматшы Тан Чжунъимен шеберлік байқасады.