Otpan News Logo

Журналистер клубы балалар үйінің ауласында сенбілік өткізді

|
28.03.2026 14:15
Журналистер клубы балалар үйінің ауласында  сенбілік өткізді

Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыстық журналистер клубының мүшелері мамандандырылған балалар үйінің ауласында сенбілік жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап. 


Іс-шара барысында қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын атқарды. Атап айтқанда, көгалдандыру мақсатында ағаш көшеттері отырғызылып, аула аумағында әктеу және тазалау жұмыстары жүргізілді.


Клуб мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнайы сыйлықтар табыстады.


Іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық жауапкершілікті арттыру және қоғамда тазалыққа деген оң көзқарасты нығайту.


Маңғыстау облыстық журналистер клубының төрағасы Гүлмира Әбішева акцияның маңыздылығына тоқталып өтті.


-Тазалық – әр адамның ниетінен басталады. Бүгін журналистер клубының мүшелері, ақпарат және медиа саласының өкілдері балалар үйінің ауласын абаттандырып, ағаш отырғызу үшін жиналды. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының бір көрінісі. Өңірімізде бұл игі іс жүйелі түрде жалғасып келеді. Әр сенбі сайын тұрғындар мен еңбек ұжымдары өз аулаларын, қоғамдық орындарды тазалап, қоршаған ортаға жанашырлық танытуда. Бүгін егілген ағаштар болашақта балаларға сая болып, игілігін тигізеді деп сенеміз, - деді Гүлмира Әбішева.


Өз кезегінде Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйінің директоры Сәру Ермұханова балалар үйінде атқарылған жұмыстар туралы айтты.


-Бүгінгі сенбілік – біз үшін ерекше күн. Журналистер клубының мүшелері келіп, ауламызды тазалап, ағаш отырғызды. Біз шын жүректен алғыс айтамыз. Сонымен қатар биыл балалар үйінде «Ақ қанат» ерте оңалту орталығы ашылды. Мұнда тіл дамуы мен психологиялық ерекшеліктері бар балаларға қолдау көрсетіледі. Осындай игі шаралар балаларға ерекше көңіл бөлінетінін көрсетеді. Баршаңызға үлкен рахмет,- деді Сәру Ермұханова.


Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде экологиялық және қоғамдық маңызы бар шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

88
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!