Otpan News Logo

Ақтауда мыңдаған тұрғын ұлттық киіммен мерекелік шеруге шықты

Ақтауда мыңдаған тұрғын ұлттық киіммен мерекелік шеруге шықты

Бүгін Ақтау қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай ерекше атмосфераға толы ауқымды мерекелік шеру өтті. Мыңдаған тұрғын ұлттық киім киіп, қала көшелеріне шығып, бірлік пен дәстүрдің жарасымын айшықтады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Шара Маңғыстау өңірінің ұлттық киіммен Гиннес рекордтар кітабына енген тарихи жетістігінің бір жылдығына арналды. Еске сала кетейік, өткен жылы өңірде 5 мың адам бір мезетте ұлттық киім киіп, әлемдік рекорд орнатқан болатын. Бүгін сол айтулы оқиғаның рухы қайта жаңғырып, тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.




«Берекелі Наурыз – мерекелі шеру» атауымен өткен шараға былтырғы тарихи сәттің қатысушылары, қала тұрғындары және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін барша азамат жиналды. Түрлі ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдер, әсем әуен мен көтеріңкі көңіл күй Ақтаудың көркін одан әрі аша түсті.


Шеруге қатысқан тұрғындар да әсерімен бөлісті.



- Бұл шерудің өтетінін хабарландырудан көріп, арнайы қатысуға келдік. Былтыр мұндай шараға қатыса алмай, өкініп қалған едім. Үстімдегі камзолды анамның сандығынан таптым, шамамен 80-жылдары тігілген көне дүние. Шашбауымның да бір ғасырлық тарихы бар. Басыма Маңғыстаудың төл бұйымы – ілмелі жаулық тақтым. Қазір заманауи ұлттық киім көп, бірақ мен осы шеруде көненің көзін көрсеткім келді. Ерекше әсер алдым, ұлттық рухты оятатын керемет шеру болды, - деді маңғыстаулық тұрғын Дәмелі Әбішева.




Каспий жағалауында өткен мерекелік шеру қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлап, Наурыздың шынайы рухын сездірді.

91
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!