Otpan News Logo

Атамекен ауылында су басу қаупі туындап отыр

|
27.03.2026 13:55
Атамекен ауылында су басу қаупі туындап отыр

Ақтау іргесіндегі Атамекен ауылы тағы да қауіп аймағына айналуы мүмкін. Жерасты суларының көтерілуінен кейін тұрғындар үйін тастап кетуге мәжбүр болмақ. Ал жергілік әкімдік 10 жылдан бері мәселені шешуге қаржы жоқ екенін айтып келеді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Атамекен ауылының тұрғындары 10 жылдан астам уақыт бойы жерасты суы мәселесін көтеріп келеді. Қазіргі уақытта көтерілген су үйлер мен аулаларға дейін жеткен.


«Біздің үйде су кейде тіземе дейін көтеріледі. Мәселе болмас үшін жарықты өшіріп отырамыз. Үйдегі ылғал салдарынан көгеріп кеткен қабырғаларды тазалау мүмкін емес. Осындай жағдайдан кейін артритке шалдығып, қазір мүгедектік рәсімдеп жатырмын. Бұл қалыпты жағдай емес», - дейді ауыл тұрғыны.


Тағы бір тұрғын аталған мәселеге байланысты пәтерге шыққанын атады.


«Қыста бәрін су басқандықтан мұнда тұру мүмкін емес. Ұлым өз үйі бола тұра пәтер жалдауына тура келді. Әкімдікке жүгінгеніммен олар ақша жоғын айтты. Дренаж туралы сұрадым, оны тек жылдың соңына дейін жоба ретінде қарастырамыз деді. Қашан іске асатынын ешкім айтпайды, - деді ауылдың тағы бір тұрғыны.


Кәріз жүйесін реттеуді ұсынған тұрғындар су мәселесінен қажығандарын айтады.


«Бізге дренаж бен кәріз жүйесі  қажет. Халық осыдан шаршады. 2016 жылдан бері бізге үнемі уәде беріп келеді. Мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінеді деді, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. 2024 жылы кәріз құрылысы басталады дегенімен әзірге ешқандай да жұмыс істелген жоқ, - дейді ауыл тұрғындары.


Тұрғындардың айтуынша, кеңес заманында жерасты суларын арнайы арналарға жинайтын дренаж жүйесі болған. Кейін жер телімдері жекешелендірілген соң, ол жүйе жойылып, орнына үйлер салынған. Ал жерасты сулары ешқайда кетпей жиналып жатыр.

Ауыл әкімдігі 2026 жылы дренаж жүйесінің жобасын әзірлеген. Жобалық-сметалық құжаттамаға шамамен 40 миллион теңге жұмсалған. 2019 жылы шенеуніктер қаржы жоқ екенін айтқан. Ол кезде дренаж жүйесіне шамамен 1,5 миллиард теңге қажет болған.


«Қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінеді. Егер Үкімет қаражат бөлсе, ол облыстық әкімдік арқылы ауданға түседі», - деген еді сол кезде Маңғыстау облысы ТЖД өкілдері.


2024 жылы ауыл әкімдігі дренаж жүйесінің неліктен салынбағанын түсіндірді.


«2019 жылы жоба дұрыс негізделмегендіктен қаржы бөлінбеді. Қазір жерді зерттеп, техникалық тексеріс жүргізу қажет. Бұған табиғатты пайдалану басқармасы жауапты. Олардың қорытындысынан кейін ғана жоба дайындалады. Бұл бірнеше жылды талап етеді», – деген еді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары.


Арада уақыт салып, 2026 жылы жоба құны тағы 1 миллиард теңгеге қымбаттаған. Алайда нақты мерзімі әлі белгісіз болып отыр.


«Қаржы қашан бөлінетінін және жұмыс қашан басталатынын нақты айта алмаймын. Қазір жыл басы, бюджет қаралып жатыр», – деді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Нұрмұхан.


Ал ауыл тұрғындары болса, әлі күнге дейін өз күштерімен үйлерін қорғауға мәжбүр. Құм тасып, әр жаңбырдан кейін де қауіппен өмір сүріп келеді.

 

57
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!