Ақтауда музей ісінің майталманы Тамара Қалмырзақызының 70 жылдық мерейтойы аталып өтті
Ақтауда музей ісінің майталманы, мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Еңбек даңқы» және «Үздік өлкетанушы» төсбелгілерінің иегері Тамара Қалмырзақызының 70 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт жадына қызмет еткен ғұмыр: музей ісінің майталманына 70 жас» тақырыбында мәдени кеш өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысып, мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы мен өңір мәдениетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі жайлы сөз сөйлеп, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.
Салтанатты кешке мерейтой иесінің әріптестері, замандастары, ауылдастары, туыстары, сыныптастары, ұстаздары, музей қызметкерлері, мәдениет саласының ардагерлері мен басшылары, өлкетанушылар және қоғам қайраткерлері қатысты.
Жиында Тамара Қалмырзақызының өмір жолы мен музей саласындағы қызметіне арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде оның балалық және жастық шағынан бастап кәсіби қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін фотосуреттер мен музей қорындағы құнды жәдігерлер ұсынылды. Сонымен қатар музейдегі 25 жылдан астам басшылық қызметі кезеңінде жүзеге асқан маңызды жобалар мен көрмелер тарихы таныстырылды.
Кеш аясында пленарлық отырыс өткізіліп, музей саласының дамуы, өлкетану ісінің өзекті мәселелері және мерейтой иесінің еңбек жолына арналған баяндамалар ұсынылды. Сондай-ақ замандастары мен әріптестері сөз сөйлеп, тағылымды естеліктерімен бөлісті. Ақын Маржан Ершу мерейтой иесіне арнап өлең оқыса, сыныптасы Ерекен Қорабайұлы да жылы лебізін білдіріп, жыр жолдарын арнады.
Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльвира Абланова кештің маңыздылығына тоқталды.
- Кештің мақсаты - болашақ ұрпаққа тұлғаның өмірлік тәжірибесі мен мәдениет саласындағы қажырлы еңбегін насихаттау, қоғамдағы орнын айқындау. Тамара Қалмырзақызының ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау жолындағы қызметін дәріптеу болды, - деді Эльвира Абланова.
Мерейтой иесі Тамара Қалмырзақызы кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді.
- Мерейтой мұндай ауқымда өтеді деп күтпедім. Сондықтан осындай керемет сый жасап, барлық әріптестерімді, достарымды, туыстарымды жинап, өте әсерлі кеш өткізгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Әсіресе шәкірттерімнің, мені осы уақытқа дейін қолдап келген азаматтардың жүрекжарды әңгімелері маған ерекше әсер етті. Мен өзімнің өткен жылдарымды, бақытты сәттерімді еске алдым. Бар талантымды, шеберлігімді, бүкіл күш-қуатымды, елге деген сүйіспеншілігімді музей қызметіне арнадым. 25 жыл бойы осы салада еңбек етуім - бұл жұмысты шын жүректен сүйгендігімнің дәлелі. Мен әріптестеріме, музейге және халыққа шексіз ризамын. Баршаңызға үлкен рақмет, - деді ол.
Мерекелік іс-шара барысында М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония әншісі Сәбит Шектібаев «Құнан нар» әнін орындап, кештің көркін аша түсті.
Айта кетейік, Тамара Қалмырзақызының жетекшілігімен музей экспонаттары Украинада, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында, Астана қаласында және басқа да халықаралық және республикалық көрмелерде таныстырылып, Маңғыстау өңірінің тарихи мұрасын кеңінен насихаттауға зор ықпал етті. Сонымен қатар ол қазақтың киіз үйін ЮНЕСКО тізіміне енгізу ісіне де өз үлесін қосты.