Otpan News Logo

Ыстанбұл мен Литва: Жантөрин театры мерекелік концерт ұйымдастырды

|
28.03.2026 11:53
Ыстанбұл мен Литва: Жантөрин театры мерекелік концерт ұйымдастырды

Ақтауда Халықаралық театр күніне орай «Сіз бен Біз» атты салтанатты кеш өтті. Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры бұл күнді тек кәсіби мереке емес, халықаралық сахналардағы айтулы жеңістерінің есебі ретінде атап өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Театрдың 23-маусымы Маңғыстау өнері үшін олжалы болды. Кеш барысында ұжымның шетелдік гастрольдері мен фестивальдердегі табысы ерекше аталды. Литвадағы фестивальда Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» драмасы І орынды иеленіп, қазақ руханиятының мерейін үстем етті. Ал «Зілзала» спектаклі Түркияда өткен халықаралық әйел драматургтері фестивалінде «Үздік қойылым» атанып, түрік көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Раушан Мәзғожаевтің «Көрұғлы» қойылымы арнайы номинациямен марапатталды.


Өткен маусымда театр қоржыны 6 бірдей су жаңа туындымен толықты. Олардың қатарында Дж. Оруэллдің «Кісілер» (1984), Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» және Б. Брехттің «Той» секілді классикалық әрі заманауи бағыттағы қойылымдар бар. Бұл театрдың жанрлық ауқымының кеңейгенін көрсетеді.


Мерекелік кеш аясында дәстүрлі «NJ Fest» сыйлығының иегерлері анықталды. Жеті номинация бойынша үздік шыққан артистер мен театр қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Салтанатты шараға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов пен мәдениет басқармасының басшысы Нұртас Сали қатысып, театрдың қоғамдағы маңызына тоқталды.


«Театр – қоғамның айнасы. Әр қойылымның астарында үлкен тағылым бар. Біз бір сахнада вокал мен пластиканы, поэзия мен комедияны ұштастырған кәсіби шеберліктің куәсі болдық»,- деді Нұртас Сали.


Кеш театр әртістерінің қатысуымен өткен музыкалық нөмірлер мен интерактивті көріністерге ұласып, көрермендерге нағыз рухани мереке сыйлады.


79
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!