Маңғыстауда құм тоқтату жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен Қарақия ауданы, Сенек ауылында көшпелі құмдарды тоқтату бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған бастама елді мекенді құм басу қаупінен қорғаумен қатар, топырақ деградациясын қалпына келтіруге, ауыл маңын көгалдандыруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Сонымен бірге отырғызылған жасыл желек көлемі ұлғайып, табиғи ортаның жаңаруына және оттегі бөлінуінің артуына оң әсерін тигізеді.
Қазіргі таңда 69 гектар аумақ қоршалып, 37 мыңнан астам сексеуіл мен жүзгін көшеттері отырғызылуда.
Жыл соңына дейін қосымша 94 гектар жер қоршалып, 2027 жылы тағы 40 000-ға жуық көшет егу жоспарлануда.
Алдағы уақытта бұл аумақ Басқармаға қарасты «Маңғыстау – құм қорғаны» КММ теңгеріміне беріліп, құм тоқтату, күтіп-баптау және қорғау жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.