Ақтаулық мұғалім оқушылармен бірге қалдықтан тыңайтқыш жасап, «QabyqTea» эко-шайын ойлап тапты
Ақтаудағы Төлеген Айбергенұлы атындағы №19 мектеп-гимназиясының география, жаратылыстану пәнінің мұғалімі Әйгерім Әбдиева оқушыларға экологиялық мәдениетті үйретіп келеді. 6 жылдық еңбек өтілі бар педагог білім беру ұйымындағы «Экоөмір» жобасының авторы әрі жетекшісі. Экологиялық жобаны іске асырып жүрген маманмен otpannews.kz сайтының тілшісі сөйлесті.
Әйгерімнің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың экосауаттылығын арттыру және экоәдеттерді күнделікті өмірге енгізу.
- Менің жобамның атауы – «Экоөмір». Осы жоба аясында мектепте «EcoTeam» еріктілер командасы құрылды. «EcoTeam» құрамында 6 және 9 сынып оқушыларынан құралған белсенді топ бар. Олар мектепте қалдықтарды сұрыптайды, пластик, қақпақ, макулатура жинау акцияларын ұйымдастырады, бастауыш сыныптарға экосағаттар өткізеді, әлеуметтік желіде экоақпарат таратады, эковикториналар жүргізеді. Бұл жобаны іске асыруыма қазіргі экологиялық мәселелер, әсіресе қоқыс, ресурстарды дұрыс пайдаланбау, оқушылардың экологияға немқұрайлы қарауы түрткі болды. Мен оқушыларыма, айналамдағы адамдарға экоақпарат айтып, оларды пайдалы іске жұмылдыра алғаныма қуанамын, - дейді Әйгерім Әбдиева.
«Эко өмір» командасының жүзеге асырып жатқан жобалары да ерекше. Олар тамақ қалдықтарынан табиғи тыңайтқыш жасайды. Бұл бастама – қалдықсыз өмір салтын насихаттайды.
- Біздің еріктілер «Экоөмір» жобасы аясында қалдықсыз өмір салтын насихаттайды. Олар жеміс, көкөніс қалдықтарынан жұмыртқаның қабығынан тыңайтқыш жасап шығарады. Осылайша, органикалық қалдықтарды қайта пайдаланамыз. Оқушылар дайындаған тыңайтқыш мектеп ауласындағы өсімдіктерге қолданылады. Біз экологиялық таза орта қалыптастыруға үлесімізді қосып келеміз, - дейді мұғалім.
Еріктілер жақында жоба аясында эко-шай жасап шығарды.
- Біздің жоба аясында жасап шығарған «QabyqTea» атты эко-шай идеямыз да бар. Бұл идеямызды іске асыру үшін лимон, апельсин, алма, мандарин қабықтарын кептіріп, оны шайға қосамыз. Нәтижесінде табиғи, пайдалы, хош иісті шай дайындалады. Бұл идея қалдықты кәдеге жаратуға негізделген әрі оқушылардың шығармашылығын дамытады, шағын экобизнес моделін қалыптастырады, - дейді Әйгерім Жакияқызы.
Педагог «Экоөмір» жобасы жай ғана теориялық білім берумен шектелмейді дейді.
- «Экоөмір» жобасының басты ерекшелігі – оның жүйелілігі мен практикалық бағыты деп айтар едім. Біздің «құндылық → әрекет → өзгеріс» қағидасымен жұмыс істейміз. Оқушыларым эко белсенді ғана емес, жаңа идеялардың көшбасшысы ретінде де танылып жүр. Бұл жұмыс оқушыларды белсенділікке, жауапкершілікке және табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеп, болашаққа бейжай қарамайтын ұрпақ қалыптастыруға үлес қосады деп сенемін, - дейді Әйгерім Әбдиева.