Маңғыстаулық оқушы білім бәйгесінде 1 миллион теңге жеңіп алды
Алматы қаласында JUZ40 білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен 9–10 сынып оқушыларына арналған JUZ40 олимпиадасында Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Темирханова Әйгерім Мамутқызы жоғары нәтиже көрсетіп, «Үздіктер үздігі» атанды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Әйгерім 135 ұпай жинап, 1 000 000 теңге көлеміндегі сыйақы иегері атанды.
Білім сайысы ҰБТ форматындағы тапсырмалар негізінде өтіп, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы және ағылшын тілі пәндерін қамтыды.
Айта кету керек, Әйгерім 5–сыныптан бастап ағылшын тілі пәнінен түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Ол білімге құштар, ізденімпаз, болашағынан зор үміт күттіретін дарынды оқушы.
Сонымен қатар бұл нәтиже мектеп қабырғасында қалыптасқан сапалы білім беру жүйесі мен берік білім базасының нақты көрсеткіші. Жетістіктің артында үлкен еңбек жатыр. Оқушыны жоғары деңгейде дайындаған ағылшын тілі пәнінен жетекшісі - Алибекова Камила Арыстанғалиқызы аталған мектептің 2017 жылғы түлегі, «Алтын белгі» иегері.
Еңбек жолын өз мектебінде бастаған ұстаздың кәсіби шеберлігі, жауапкершілігі мен шәкіртке деген жанашырлығы осындай биік нәтижеге жеткізді.