Otpan News Logo

Ақтауда Аманбай Жетемісұлының 175 жылдығына арналған конференция өтті

|
27.03.2026 11:20
Ақтауда Аманбай Жетемісұлының 175 жылдығына арналған конференция өтті

Бүгін Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде “Аманбай Жетемісұлы тұлғасы ауызша тарих, рухани мұра және дәстүрлі мәдениет контекстінде” атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Іс-шараға Астана, Алматы, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан қонақтар келді. Конференцияға Аманбай ата ұрпақтары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Конференцияның ашылу салтанатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. Жиын барысында Аманбай атаның өмірі мен қасиетіне арналған «Аруақты абыз Ата Аманбай» атты сахналық қойылым көрсетіліп, деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.


«Құрметті жиынға қатысушы жастар, ата ұрпақтары мен ғалымдар! Бүгінгі конференцияға қатысу мен үшін – үлкен мәрбете. Өлкемізде өсіп-өнген алып тұлғалар көп-ақ. Бірақ олардың басым бөлігі толық зерттелмей, көпке бірдей танымал емес. Соның бірі – әулие Аманбай атамыз. Бүгінгі конференцияда құнды ақпараттар айтылып, ата ғұмырының үлгісі көрсетіледі. Маңғыстаудың киелі топырағына табан тіреп, осы өлкеде өмірін өткізген абыз ақсақалдарымыз, әулие аталарымыз туралы зерттеп, әрқайсымыз жадымызда сақтауымыз керек. Өйткені кешегі өткен аталардың ғұмыры – бүгінге өнеге»,- деді облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев. 


Ғылыми жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал ғалымдар қатысты. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, тарих ғылымдарының докторы Досбол Байғұнақов және филология ғылымдарының кандидаты Зинулла Мутиев бар. Олар Аманбай әулиенің ойшылдық пен көрегендік болмысына тоқталып, тұлғаның өмір сүрген заманы мен тарихи контексін саралады. Сондай-ақ халық жадында қалған әңгімелер мен көркем туындылардағы әулие бейнесі туралы сөз қозғалды. 


«Аманбай Жетемісұлы – өз заманында халықты имандылыққа, бірлікке шақырып, ел басына күн туған нәубет жылдарды алдын ала болжай білген бірегей тұлға. Ол 1932 жылы 82 жасында дүниеден өтіп, Қарақия ауданындағы Мешітсу қорымына жерленген. Ол көзі тірісінде-ақ жалпақ елді кереметімен мойындатқан қасиет иесі болған. Ел аралап жүріп, халықты алда келе жатқан түрлі қауіп-қатерден, өрт, су тасқыны сияқты табиғи апаттардан, уаңшылықтардан сақтандырып отырған. Сонымен қатар орынсыз ренжіткен қаһарына іліккен адамдардың аман кетуі екіталай болған. Оның керемет қасиеттері сан алуан. Соның бірі – емшілік. Атамыз алдына ақ ниет, шын ықыласпен, көңілі жабырқап, тарығып келген адамдарды, перзент зарын тартқан аналарды зікір салып емдеген. Бар өмірі ел аралаумен өткен шайхы кісі. Есейе келе Алланың әмірімен бойына әруақ қонып, айтқаны болып, көзімен атқаны өліп, алдын болжап сөйлейтін көріпкел кісі болған. Болжампаздық қасиеттерінің арқасында көңілі құлазыған адамның болашағын дөп басып айта береді екен. Ол орынсыз ешкімге тиіспеген, ешкімнің ала жібін көлденеңінен аттамаған, жаны таза, адал, жұпыны тірлік кешкен. Ал біреу өзін ренжітсе, аямайтын болған. Ондайда көзі шатынап, қаһарына мініп: « Алла – хақ, Аманбай – ақ, бәленшенің түйесін қақ!» десе болды, әлгінің түйесі сол бойда өледі екен»,- деді Бекет Ата танушы, ардагер ұстаз Ислам қажы Мырзабекұлы. 


Конференция аясында педагог-шебер, Қамар Тұмашқызының «Әулие құпиясы» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбекте Аманбай атаның 1850-1932 жылдар аралығындағы ғибратты ғұмыры, оның ел арасындағы емшілік, көріпкелдік қасиеттері мен соңғы өсиеттері жан-жақты баяндалған. Сонымен қатар қатысушылар Аманбай атаның көзі тірісінде тұтынған жәдігерлерімен танысуға мүмкіндік алды. Көрмеге әулие атаның бас киімі, қамшысы, белбеуі және тұрмыста қолданған өзге де құралдары қойылған.

83
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!