Otpan News Logo

Ақтауда жастар арасында самбодан Қазақстан чемпионаты өтеді

|
27.03.2026 13:05
Ақтауда жастар арасында самбодан Қазақстан чемпионаты өтеді
sambo.qazaqstan / Instagram

Ақтау қаласында 30 наурыз бен 3 сәуір аралығында 2006–2007 жылы туған жастар арасында самбодан Қазақстан чемпионаты өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Мангубаев айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Спикердің айтуынша, ауқымды спорттық додаға еліміздің барлық өңірінен 450-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде. 


-Бұл жарыс іріктеу кезеңі. Үздік спортшылар 2026 жылдың 2–4 қазан аралығында Грекияның Салоники қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алады. Салмақ дәрежелері ерлер арасында 53 келіден +98 келіге дейін, әйелдер арасында 50 келіден +80 келіге дейін белгіленген, - деді Қанат Мангубаев.


Өңір намысын спорттық самбодан 17, ал жауынгерлік самбодан 22 спортшы қорғайды.


Брифинг барысында Маңғыстау облысы спортты дамыту дирекциясы КММ басшысы Манарбек Бисекенов жыл басынан бері өткен жарыстарға тоқталды.


-Жыл басындағы алғашқы ірі дода 8–12 ақпан күндері Қарағандыда өтті. Ал 2–6 наурыз аралығында Семей қаласында жасөспірімдер чемпионаты ұйымдастырылып, маңғыстаулық спортшылар жүлделі орындарға ие болды. Алдағы маңызды жарыстардың бірі – 25–26 маусымда Филиппиннің Манила қаласында өтетін Азия және Океания жастар біріншілігі, - деді Манарбек Бисекенов.


Сонымен қатар, облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің басшысы, самбодан халықаралық дәрежедегі төреші Берік Жұмағалиев алдағы чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 30-ға жуық төреші шақыртылғанын атап өтіп, алдағы республикалық жарыстарға тоқталды.


-Ақтауда кіші жасөспірімдер арасында «Жас батыр кубогы» республикалық турнирі өтеді. Сондай-ақ, 17–22 мамыр аралығында самбодан Азия чемпионаты жоспарланған. Қазіргі таңда спортшылардың дайындық деңгейі жоғары, - деді Берік Жұмағалиев.


Маңғыстау облысы самбо федерациясының президенті Серік Байжанов жыл ішіндегі өзге де жарыстарды атап өтті.


-20–24 сәуірде Ақтөбеде жасөспірімдер чемпионаты, 27–31 мамырда Лисаковскіде 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы ел біріншілігі өтеді. Ал 5-8 маусым күндері Қонаевта жағажай самбодан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады. Жыл қорытындысы желтоқсанда Семей қаласында өтетін Қазақстан Кубогымен түйінделеді, - деді Серік Байжанов.


Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысында самбодан үш ірі жарыс өткізу жоспарланған.

55
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!