Жаңаөзенде Құлыбаевтың қоры салып жатқан спорт кешені 2026 жылы қолданысқа берілмек
Жаңаөзенде биыл маусым айында іргетасы қаланған жаңа спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда нысанның негізгі қабырғалары көтеріліп, алдағы күндері шатырын жабу жұмыстары басталмақ, деп хабарлайды otpannews.kz.
Halyk қорының директоры Сағынбек Шүңкеев құрылыс алаңын аралап, жұмыс барысымен танысты.
«Біздің мақсат – Жаңаөзен жастарына халықаралық стандарттарға сай заманауи спорт кешенін ұсыну. Құрылыстың әр кезеңі күнделікті бақылауда», – деді Сағынбек Шүңкеев.
Кешен пайдалануға берілген соң баскетбол, футзал, волейбол, каратэ және басқа да спорт түрлеріне арналған көпфункционалды залдар, заманауи фитнес аймағы, кең жаттығу бөлмелері, спортшыларға арналған шағын қонақүй, жуынатын және киім ауыстыру бөлмелері, сондай-ақ бейнабақылау мен қауіпсіздік жүйелері жұмыс істейтін болады. Нысанды қаланың инженерлік инфрақұрылымына қосу жұмыстары әкімдікпен бірлесіп жүргізіліп жатыр, ал кешенді 2026 жылдың маусымына, балаларды қорғау күні қарсаңында ашу жоспарланып отыр.
Маңғыстау – Halyk қоры үшін стратегиялық өңір саналады. Қор өңірді әлеуметтік даму мен жаңа мүмкіндіктер аймағы ретінде қарастырып, географиялық ерекшелігі мен экономикалық әлеуетін, сондай-ақ жастар санының көптігін ескере отырып, аймаққа жүйелі қолдау көрсетіп келеді.
Соңғы жылдары Маңғыстау жобаларына 5 млрд теңге бағытталып, Бейнеудегі астық терминалы қайта іске қосылды, Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдары таза ауыз сумен қамтылды, Жаңаөзенде балалар ойын және футбол алаңдары салынды.
«Talimger» жобасы Маңғыстауда жаңа кәсіпкер буынын қалыптастыруға бағытталған. 2025 жылдан бастап өңірдің мектептері мен колледждерінде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні ресми түрде енгізіліп, бұл қадам білім беру жүйесіндегі маңызды институционалдық өзгеріске айналды. Бүгінде 230-дан астам мұғалім арнайы оқытудан өтіп, мыңдаған оқушы өз бизнес-идеяларын жобалау мен жүзеге асыруды меңгеріп жатыр. Бұл бастама өңірдің экономикалық болашағына тікелей ықпал ететін инвестиция ретінде қарастырылады.
Жаңаөзенде салынып жатқан спорт кешені мен «Talimger» жобасы – Маңғыстауда жүйелі жаңғыруға негіз болатын екі маңызды институт. Спорт кешені болашақ чемпиондарды тәрбиелеп, дене мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берсе, «Talimger» жаңа кәсіпкер буынын қалыптастыруға, өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Екі жоба да Маңғыстау жастарының мүмкіндіктерін кеңейту және өңірдің тұрақты дамуына берік институционалдық база қалыптастыру мақсатын көздейді.