Маңғыстауда ұстаздар арасында зияткерлік ойын өтіп, жеңімпаз команда 1 млн теңге ұтып алды
Маңғыстау облыстық «Respublica» партиясының филиалы өңір педагогтарының кәсіби деңгейін қолдау және білім саласында жаңа форматтағы пікір алаңын қалыптастыру мақсатында «Teachers Quiz Championship» облыстық зияткерлік турнирін өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жобаның алғашқы кезеңі биыл ақпан айында Ақтау қаласында ұйымдастырылған. Қалалық іріктеуде 30 команда сынға түсіп, олардың ішінен нәтижесі жоғары 11 команда облыстық кезеңге жолдама алды.
Облыстық, яғни ақтық сында Ақтау мен Жаңаөзен қалаларының және барлық аудан мектептерінің мұғалімдері қатысып, жалпы саны 23 команда бақ сынады. Сайыс барысында қатысушылар білімнің түрлі салаларын қамтитын сұрақтарға жауап берді.
- Бүгінгі өтіп жатқан шара біздің партиямыздың құрылғанына үш толуына орай ұйымдастырылып отыр. Біздің мақсатымыз осындай іс-шара арқылы өңірдегі ұстаздардың арасында коммуникацияны қалыптастыру. Жаңа форматтағы сайыс тартысты өтіп, ойы жүйрік командалар алға шығады. Сондықтан біз мұғалімдерді қызметтен тыс өскелең ұрпаққа үлгі еткіміз келеді, - деді «Respublica» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұржігіт Нұрболатұлы.
Білім бәсекесінің қорытындысы бойынша 1-орын Ақтау қаласындағы №7 мектеп-лицейінің «Аргумент» командасына бұйырды. 2-орынды Мұнайлы ауданындағы №6 жалпы білім беретін мектептің «Команда 302» ұжымы иеленсе, 3-орын New Format High School атынан қатысқан «NF ұстаздары» командасына берілді.
Жеңімпаз командаға 1 000 000 теңге көлеміндегі бас жүлде табысталды. Сыйлықтың демеушісі «Respublica» партиясының мүшесі, кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Жандарбек Бәйімбет.