Otpan News Logo

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы тұрғындарымен кездесті

|
03.12.2025 17:10
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы тұрғындарымен кездесті

Бүгін өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Ф. Оңғарсынова атындағы аудандық мәдениет үйінің 500 орындығы толған жиында тұрғын үй, жер, жұмыссыздық мәселелерімен қоса, әлеуметтік көмек жайында сөз қозғалды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Кездесуге облыс әкімінен бөлек, аудан әкімі Қанат Құлжанов пен жауапты бөлім, басқарма өкілдері қатысты. Жиынға қатысушы тұрғындардың бірі Мұнайлы ауданы жастары арасындағы жұмыссыздық мәселесін атап өтті. 


“Ауданымызда түрлі мекемелер жұмыс істеп тұрса да жылдар бойы жұмыссыз жүрген жастар көп. Облысымыздағы қалалар мен өзге аудандардан Мұнайлыға келіп жұмыс істеп жүргендер бар, ал өз ауданымыздың жастары екі қолға бір күрек таба алмай жүр”,- деп бөлісті Айдос Жеткізген. 


Тұрғынның бұл пікіріне облыс әкімі жауап беріп, тиісті мамандарға тапсырма берді. 


“Құрметті тұрғындар, өзге ауданнан келіп жұмыс істегендердің әсерінен өз жастарымыз жұмыссыз деген – дұрыс емес. Алдағы уақытта ауданда жұмыс істеп тұрған мекемелер мен ауданның жұмыссыз жастарын кездестіріп, жиналыс ұйымдастыруға тапсырма беремін. Дегенмен, көпшілік жалақысы жоғары болатын мұнай өндірісі саласына жұмысқа орналастырмады деп ренжіп, басқа салаға бармай жатады. Сондықтан осы мәселені де ескере отыра, егер. жұмыс орнынан ұсыныс түссе орналасуға кеңес беремін”,- деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай. 


Жиын барысында аудан тұрғыны, “Жасаған Маңғыстау” мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарас Камалов мүгедектігі бар азаматтарды барынша еңбекке тарту туралы ұсыныс білдірді. Тұрғының айтуынша, осы кезге дейін жолдаған мәселелері облыс деңгейінде де, аудан деңгейінде де шешімін тапқан. Әкімдік көмегін көріп келе жатқан Жарас Камалов бүгінгі кездесуге де бірнеше ұсынысын ала келген.


“Осыған дейін өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайға облыстық инватакси қызметін шешіп беруді сұрадым. Өтінішім қанағаттандырылып, мәселем шешілді. Сондай-ақ қоғамдық көліктерде көз жанары көрмейтін, телефоннан қай жақта келе жатқанын қарап білмейтін азаматтар үшін автобустың қазір қай аялдамада екенін, келесі қандай аялдама болатынын хабарлайтын дыбыстама сұраған едім. Бұл өтінішім де екі аптада шешімін тауып, қоғамдық көліктерге “автоинформатор” қондырылды. Менің ендігі ұсынысым – 2026 жылдан бастап бюджет қысқаруына байланысты жұмыс орындары да қысқартылайын деп тұр. Десек те, мүгедек адамдарды жұмысқа тартып, еңбек етулеріне мүмкіндік қарастыру үшін әкімдіктен көмек сұраймын. Мәселен, инватакси жүргізушісі, диспетчер мамандықтарына мүгедек жандар да орналасса үлкен мүмкіндік болар еді. Осы және өзге де ұсыныстарымды әкімнің тұрғындарды жеке қабылдауында да айтып көрмекпін”,- деді Жарас Камалов. 


Сондай-ақ әкіммен кездесуге келген Батыр ауылының тұрғыны, алтын алқа иегері Бақтылы Ниетбаева тұрғын үй мәселесін көтерді. Оның айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрғанына 17 жыл болған. Бүгінде 17 адам болып бір үйде тұратын Бақтылы Ниетбаева қашан үй кезегі жылжып, баспанаға ие болатынын сұрады. 


“Құрметті Бақтылы апай, бүгінде ауданымызда 4800 адам үй кезегінде тұр. Ал сіз сол кезекте – алтыншысыз. Яғни, жақын арада баспаналы боласыз. Осыған дейін де сізге ескерткенімдей, ақпан айына дейін міндетті түрде үй табысталады”,- деді аудан әкімі Қанат Құлжанов. 


Аталған мәселелерен бөлек кездесу аясында мал шаруашылығы туралы да сөз қозғалды. Мал суаруға қажетті су көзінің қажет екенін айтқан тұрғынның сауалына да жауап берілді. Жауапты мамандардың айтуынша, бүгінде ел арасында “Жетікөл” аталып кеткен жерде ұңғымамен жер қазу процесі жүзеге асуда. Алайда жер астынан шыққан су – мал суаруға ащы. Сондықтан 1200м дейін жер қазу қолға алынды. Бұл мәселені шешу жолында аудандық әкімдік өкілдері бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтып, алдағы жылдың бірінші тоқсанына дейін шешімі табылады деп бөлісті. 


Бұдан бөлек, кездесуде көше шамдарын көбейту, тас жолдарды кеңейтуге қатысты ұсыныс, пікірлер айтылып, жауапты мамандарға жолданды. 


Айта кетейік, тұрғындармен кездесуден кейін облыс әкімі мен жауапты мамандар аудан тұрғындарын жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. 

91
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!