Otpan News Logo

Маңғыстауда спорт саласын цифрландыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл талқыланды

Маңғыстауда спорт саласын цифрландыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл талқыланды

«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында спорт саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары, әлеуметтік желідегі резонанстық мәселелер және Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмыстары қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Отырыста басқарманың әкімшілік-қаржылық бөлімінің басшысы Нұрлан Тазабаев спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, басқармада алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.


Биыл маусым айында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылды. Мемлекеттік қызмет көрсету, сатып алу және жеке құрам құжаттарына ішкі талдау жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар тәуекел анықталып, бағынысты мекемелердің басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Нұрлан Тазабаев.


Спорт саласын цифрландыру бағытында «E-sport» цифрлық платформасы пилоттық режимде іске қосылған. Жүйе қағазбастылықты азайтып, саланың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.


Кеңес отырысында шешімін күткен мәселелер де көтерілді. Кеңес төрағасы Бекқали Нурбосинов аймақтағы жеке меншік спорт нысандарында қаржының мақсатсыз жұмсалуы, спортшыларды республикалық және халықаралық жарыстарға жіберуде қаржылай қолдаудың жеткіліксіздігін атап өтті.


Соңғы екі жылда өңірде спорт резервін қалыптастыру үшін 11 мемлекеттік мекеме құрылды. Спортшыларға жайлы жағдай жасау мақсатында 16 микроавтобус, 4 жеңіл автокөлік, 1 ат тасушы автокөлік жергілікті бюджет есебінен сатып алынды. Спорт саласының қаржыландырылуы да жыл сайын артып жатыр, - деді басқарманың әкімшілік-қаржылық бөлімінің басшысы Нұрлан Тазабаев.


Жиында кеңес мүшесі Гүлмира Абишева балаларға арналған тегін үйірмелердің жұмысы талапқа сай еместігін, «тегін деген аты бар да, заты жоқ» үйірмелердің әлі де кездесетінін айтты. Сонымен қатар спорт саласындағы алалау фактілері, жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлерінің біліктілігі, қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі сөз болды.


Ал кеңес мүшесі Нұрлан Тлепов тегін спорт үйірмелеріне жазылған «жансыз жандар» санын азайту және бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Face ID жүйесін енгізуді ұсынды. 


Кеңес төрағасы Бекқали Нұрбосынов саладағы ашықтық пен тәртіптің маңызды екенін атап, спорт саласында әділдік пен заңдылықты сақтау басты мақсат екенін айтты.


Спорт – денсаулық пен тәрбие көзі. Сондықтан бұл салада тазалық, әділдік және ашықтық басты қағида болуы тиіс. Көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайды, әр ұсыныстың орындалуы бақылауға алынады. Біздің мақсат – спорт саласын дамытумен қатар, ондағы кез келген заңбұзушылықты болдырмау, – деді Бекқали Нұрбосынов.
62
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!