Бейнеуде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті
Бейнеу ауданында ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға аудан әкімі Рахымжан Шалбаев, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. Мерекелік іс-шарада алдымен асыл тұқымды қойлардың және жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Тұрғындар мен қонақтар көрме барысында аудандағы шаруашылық бағытындағы жетістіктермен танысты.
Аудан басшысы мерекемен құттықтап, салада үздік еңбек етіп жүрген мамандарға облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен өзінің атынан алғыс хат табыстады. Сонымен қатар «Ауыл» партиясының аудандық филиалының төрағасы Нұралы Сәдіғұлов партия төрағасының атынан бірқатар сала қызметкерлеріне мерекелік медаль табыстады.
- Туған өлкеміздің дамуына зор үлес қосып отырған ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Берекелі Бейнеу – еңбектің, төзімнің, табандылықтың мекені. Ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуда сіздердің маңдай теріңіз бен адал еңбегіңіз орны ерекше. Шаруаларымыз төрт түлік малын түлетіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып, жаңа өндіріс көздерін қалыптастыруда. Аудандағы сүт өндіру, ұн және жем-шөп өндірісі, жергілікті брендтердің қалыптасуы – ауыл адамдарының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығы – ел экономикасының стратегиялық маңызды саласы екенін үнемі атап келеді. Президент аграрлық секторды жаңғырту, шаруалардың табысын арттыру, қолдау тетіктерін күшейту бағытында нақты міндеттер қойып, ауыл еңбеккерлерін әрдайым қолдап келеді. Біздің шаруалар да мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланып, жаңа бастамаларды жүзеге асырып, аудан өнімдерін республикаға және халықаралық деңгейде танытып жүр. «Адал Ас» өнімінің халықаралық жетістігі, «Әділ сүт зауыты» мен «Еуразия Транслогистик» кәсіпорындарының дамуы – Бейнеу беделін арттырып тұрған айқын мысалдар, – деді аудан әкімі.