Маңғыстауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында зияткерлік сайыс өтті
Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы шаралар жалғасып жатыр. Науқанды қолдау мақсатында Мұнайлы аудандық Жастар ресурстық орталығы Quiz форматындағы зияткерлік сайыс ұйымдастырды. Оған жастар, мемлекеттік қызметшілер және ауданның белсенді тұрғындары қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шараның мақсаты – жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру, табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті нығайту және экоәдеттерді кеңінен насихаттау.
Сайыс барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау, экологиялық мәдениет, Каспий теңізі экожүйесі және өңірдің табиғи ерекшеліктеріне қатысты сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, экологиялық білімді тереңдетуге бағытталған танымдық ақпараттар ұсынылды.
Quiz бірнеше бөлімнен тұрды. Командаларға Маңғыстаудың табиғи байлықтары мен экологиялық мәселелерін қамтитын тапсырмалар берілді. Қатысушылар экологияны жақсартуға арналған шағын жобаларын таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Ең үздік идеялар алдағы уақытта ауданның еріктілерімен бірлесіп жүзеге асырылмақ.
Шара аясында экобелсенділермен тәжірибе алмасу, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Ойын қорытындысы бойынша 1-орынға «Батыс Майданында өзгеріс жоқ» командасы ие болды. Ал 2-орын «RUH» тобына бұйырса, 3-орынды «505» командасы алды.
Белсенді қатысушыларға сертификаттар, ал үздік командаларға арнайы марапаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шара Мұнайлы ауданы әкімдігі, Жастар ресурстық орталығы және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қолдауымен өтті. Бұл акция – өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» бастамасының бір бөлігі.