Otpan News Logo

Маңғыстау жастарына арналған жаңа цифрлық платформа іске қосылды

Маңғыстау жастарына арналған жаңа цифрлық платформа іске қосылды

Маңғыстау облысында жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік жоба басталды. «Жағымды жаңалық» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Bilim - ALL» жобасы – өңір жастарына арналған тегін онлайн оқу платформасы.


Бастаманың негізгі мақсаты – бүгінгі еңбек нарығына сұранысқа ие 10 заманауи мамандық бойынша онлайн сабақтар сериясын әзірлеп, жастарға қолжетімді форматта ұсыну. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған цифрлық трансформация және адами капиталды дамыту жөніндегі тапсырмаларымен үйлеседі.


Технологияның қарқынды дамуы дәстүрлі мамандықтарға деген сұранысты азайтып, жаңа кәсіби бағыттардың пайда болуына ықпал етіп отыр. Осыған байланысты «Bilim - ALL» шеңберінде қазіргі еңбек нарығында аса қажет 10 бағыт бойынша арнайы онлайн курстар дайындалуда. Мамандықтар тізімі Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе бекітілген. Оқу материалдары жақын күндері «Маңғыстау жастары» мобильді қосымшасында қолжетімді болмақ.


Жобаға қатысушылар курстарды толық аяқтаған соң, кәсіби біліктілігін растайтын сертификат алады. Бұл құжат олардың жұмысқа орналасу барысында қосымша артықшылық береді. «Bilim - ALL» – тек білім беру алаңы ғана емес, өңірдегі жұмыссыз жастардың санын азайтып, жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік жасайтын әлеуметтік бағдарлама.


«Жағымды жаңалық» қоғамдық қоры – Маңғыстау өңірінде әлеуметтік, мәдени, құқықтық және ағартушылық бағыттағы жобаларды жүзеге асырып келе жатқан белсенді ұйым. Қордың басты мақсаты – ауыл және қала жастарына заманауи білім мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, олардың әлеуетін арттыру.

78
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!