Otpan News Logo

Ақтауда БАҚ өкілдері өңірдің ең озық мектептерінің бірімен танысты

Ақтауда БАҚ өкілдері өңірдің ең озық мектептерінің бірімен танысты

Ақтауда «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған, өңірдегі ең технологиялық әрі озық білім ордаларының біріне айналған жаңа №34 мектепке баспасөз туры өтті. 14 мың шаршы метр аумақты алып жатқан, 1500 оқушыға арналған бұл білім ошағы заманауи стандартқа толық сай келетін нағыз инновациялық орталық. Мұнда 69 оқу кабинеті, STEM-зертханалар, робототехника, дизайн, музыка, мәдени тамақтану және білім берудің тың бағыттарына арналған арнайы сыныптар бар, деп хабарлайды otpannews.kz.


Инклюзивті білім беруге ерекше мән берілген. Мектепте сенсорлық бөлме, психолог және дефектолог кабинеттері жұмыс бар, арнайы лифт орнатылған, гиперактивті және зейіні төмен балаларға қолайлы жағдай жасалған. Сабақтар тегін өтеді.


Біздің кабинет балалардың еркін қозғалып, ойнап, сезіну дағдыларын және ұсақ моторикасын дамытуға бағытталған. Мұнда құм терапиясының элементтері де қарастырылған. Батуттар, тоннельдер және басқа да жабдықтар балалардың назарын шоғырландыруға көмектеседі. Бұл жерге тек ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар ғана емес, гиперактивті және зейін тапшылығы бар оқушылар да келеді. Біз оларға арт-терапия мен құм терапиясы элементтері енгізілген кешенді сабақтар өткіземіз. Қазірдің өзінде оң нәтижелер байқалады – балалар ширақ, ынталы және анық прогресс көрсетуде, – деді педагог-психолог Жанар Қошқынбаева.


Физика пәнінің мұғалімі Ерсұлтан Сәрсен оқушылардың шынайы эмоциясы мен қызығушылығы оның басты мотивациясы екенін айтты.


Балалармен жұмыс істеу – мен үшін шабыттың сарқылмас көзі. Оларға жаңа білім беріп, маңызды дүниелерді түсіндірген сәтте олардың шынайы қуанышы мен ықыласын көру – мені одан әрі биіктенуге жетелейді. Осы сәттер үшін мен бұл саланы таңдадым. Бұл жұмыс маған мән береді, жүрегімді жылылыққа толтырады, – дейді ұстаз.


Мектептің заманауи технология кабинеті де назар аударарлық. Мұнда қыздар кулинария бойынша тәжірибелік сабақтардан өтеді. Кабинет ыңғайлы жұмыс үстелдерімен, плиталармен, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Оқушылар дұрыс тамақтану негіздерін, тұрмыстық дағдыларды меңгеруде.


Бүгін технология сабағында пицца мен самса дайындауды үйрендік. Мұндай сабақтар бізге өте ұнайды, өйткені олар практикалық дағдымызды дамытып, ой-өрісімізді кеңейтеді. Біздің технология кабинеті заманауи жабдықталған, сондықтан мұнда оқу – әрі қызық, әрі жайлы. Мектебіміз – «Келешек мектебі» мәртебесіне ие, өңірдегі ең үлгілі білім ордаларының бірі, – дейді 9-сынып оқушысы Аяулым Мұрат.


Мектепте екі спортзалы, интерактивті кабинеттер және компьютерлік сыныптар бар. Басшылықтың айтуынша, басты мақсат – балаларға сапалы, қолжетімді және қауіпсіз білім беру. Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында бұған дейін 8 400 орынға арналған 10 мектеп ашылған. Желтоқсан айында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында тағы екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі.

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!