Otpan News Logo

Маңғыстауда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері төмендеді

|
01.12.2025 17:09
Маңғыстауда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері төмендеді

Маңғыстауда биыл отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар төмендеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Алима Сатбергенова айтты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Медиагридке сілтеме жасап.


Спикердің айтуынша, отбасылық тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың басым бөлігі спирттік ішімдіктерді ішу салдарынан орын алады. Аталған санаттағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында, алкогольдік ішімдікті ішу, есірткі, психотроптық заттарды қолдануға тыйым салу мақсатында 423 тұлғаға ерекше талап қойылды.


-Отбасы-тұрмыстық салада әйелдерге қатысты құқық бұзушылық жасаған 2955 адамға қорғау нұсқамасы шығарылды. Ал, қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған 132 тұлға әкімшілік кодекстің 461-бабымен жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 191 қолайсыз отбасы анықталып профилактикалық есепке қойылды, - деді Алима Сатбергенова.


Қазіргі таңда өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді әлеуметтік оңалту үшін Ақтау қаласында екі дағдарыс орталығы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болып, зорлық-зомбылыққа ұшыраған 48 әйел және 81 жасөспірімге заң және психологиялық тұрғыдан көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, облыстың әр ауданында психологиялық, құқықтық көмек көрсетуге арналған отбасы қолдау орталықтары қызмет атқаруда.


Сондай-ақ, брифинг барысында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Ажар Нусанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша өңірде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» жыл сайынғы жаһандық халықаралық науқаны өтіп жатқанын атап өтті. Науқан 25 қарашадан - 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Шара отбасылық құндылықтарды насихаттауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жәбірленушілерге көмек көрсетуге бағытталған.


-Бүгінде зорлық-зомбылық тек көшеде емес, цифрлық кеңістікте де кең таралып отыр. Әлеуметтік желідегі қудалау, жеке деректерді рұқсатсыз тарату, кибербуллинг, онлайн бопсалау, жалған ақпарат тарату, дипфейк жасау сынды цифрлық қауіптер артты. Бұл – тек теріс әрекет емес, психологиялық, әлеуметтік және экономикалық зиян келтіретін қылмыс. Сондықтан мұндай жағдайларға бейжай қарамай, дер кезінде құзырлы органдарға хабарлап, дәлелдерді сақтап, құқықтық және психологиялық көмекке жүгіну қажет, – деді Ажар Нусанова.


Айта кетейік, өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету бағытында кешенді көмек көрсетіледі. Көмек қажет азаматтар Ақтау қаласы, 23 шағын аудан, 29/1 ғимаратқа жүгіне алады. Сонымен қатар, отбасылар мен әйелдер және балалар мәселелері бойынша мемлекеттік бірыңғай сенім телефоны «111», тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған жедел желі «150», ал полицияның жедел қызметі «102». Бұл байланыс арналары тәулік бойы жұмыс істейді және әрқайсысы құпиялылықты сақтай отырып көмек көрсетуге бағытталған.

245
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!