Каспийдің тартылуы салдарынан су ортасында арал пайда болды - ғалымдар
Жыл өткен Каспий теңізінің сайын тартылуы салдарынан айдын ортасында пайда болған арал туралы дерек жария болды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл туралы egemen.kz басылымы көлемді мақала жариялады. Биыл мамыр айында Ресей ғылым акаде¬миясының П.Ширшов атындағы мұхиттану институтының ғалымдары арнайы экспедициясы кезінде Солтүстік Каспийде жаңа аралдың пайда болғанын мәлімдеді. Айдын ортасындағы тақыр жер Малый Жемчужный аралынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
«Каспий теңізінде жаңа арал табылды. Бұл – Каспий теңізінің тайыздануының тағы бір дәлелі. 2024 жылдың қараша¬сында түсірілген спутниктік суреттерде «Средняя Жемчужная» жағалауының құрғағаны байқалды. Бұл теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты пайда болған жаңа жер екенін растау енді ғана мүмкін болды», - деп жазылған ақпаратта.
Экспедиция мүшелері әуе кемесімен аралға жақындаған. Алайда судың тайыздығы мен ауа райының құбылуына байланысты қона алмаған. Квадрокоптермен түсірілген фотосуреттерден аралдың сұлбасы анық көрінеді.
«Ғалымдар биогидрохимия, гидро¬био¬логия, теңіздегі құбылу динамикасына қосымша зерттеулер жүргізу мақсатында арал маңындағы солтүстік тайыз суда шамамен 0,4 м тереңдікте арнайы станса құрды. Қазір арал судан сәл ғана жоғары көтеріліп тұр. Бірақ теңіз суының ең төменгі деңгейінде айтарлықтай байқалады. Беткейі құмды жоталары бар тегіс, ылғалды әрі жазық. Жақын арада ғалымдар жаңа аралдың бастапқы сипаттамасын аяқтап, оның географиялық атауына қатысты ұсыныстарын ортаға салады», - деп нақтылады ресейлік ғалымдар.
Көрші ел ғалымдарының пікірінше, Каспий теңізінің деңгейі төмендей берсе, арал аумағы кеңеюі мүмкін. Сөйтіп, сирек кездесетін құстар мен Каспий итбалығының жаңа мекеніне айналатынына болжам жасалып отыр.