Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Түркі әлемінің мәдени астанасы жылының жабылу салтанатында Аида Балаева сөз сөйледі

Түркі әлемінің мәдени астанасы жылының жабылу салтанатында Аида Балаева сөз сөйледі

Ақтауда Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы жылының ресми жабылуына арналған Гала-концерт ұйымдастырылды. Шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, қорытынды сөз сөйледі, деп хабарлайды otpannews.kz.


Министр Ақтаудың бұл мәртебені абыроймен атқарғанын атап өтіп, жыл бойы өткен мәдени жобалардың түркі халықтарының жақындасуына ықпал еткенін айтты. Оның сөзінше, 2025 жылы қалада музыка, фольклор, би фестивальдері, ғылыми конференциялар мен жастарға арналған байқауларды қамтыған 30-дан астам халықаралық іс-шара өтті.


Жылдың ең ауқымды оқиғаларының қатарында 1400 әртіс қатысқан және 150 мың көрермен тамашалаған ашылу рәсімі, сондай-ақ 7 елдің 9 театры қатысқан III Халықаралық театр фестивалі аталды. Сонымен бірге “Қорқыт ата” кинофестивалі және “Көшпенді қуыршағы” қуыршақ театрлары фестивалі ерекше атап өтілді.

Аида Балаева бұл жетістіктерге Мемлекет басшысының түркі интеграциясын қолдауға бағытталған мәдени саясаты серпін бергенін айтты.


Ақтау үшін бұл мәртебе – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Қала өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде орындады. ТҮРКСОЙ жобалары Президент бастамаларының нақты нәтижесін көрсетіп, бауырлас халықтарды бұрынғыдан да жақындастырды, – деді министр Аида Ғалымқызы.


Салтанатты шара барысында 2026 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесі Өзбекстанның Әндіжан қаласына табысталды. Министр бауырлас елге сәттілік тілеп, Әндіжанның түркі әлемінің жаңа мәдени орталығына айналарына сенім білдірді.


Гала-концерт мерекелік атмосферада өтіп, түркі халықтарының ынтымақтастығы мен ортақ рухани мұрасының символына айналды. Министр қатысушыларға алғыс білдіріп, түркі елдерінің бірлігі мен мәдени байланыстарының нығая беруіне тілектестік айтты.

61
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!