Otpan News Logo

Ақтауда ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі тұрғындармен кездесті

|
04.12.2025 11:53
Ақтауда ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі тұрғындармен кездесті

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Серікұлы Олжабеков Маңғыстау жұртымен кездесті. Жиында республика көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылып, сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


Жиында электрондық үкімет, цифрлық сервистер мен онлайн көрсетілетін қызметтер туралы баяндама жасалды. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90,4% пайызы онлайн форматта қолжетімді, ал смартфон арқылы көрсетілетін қызметтердің үлесі – 91%. 


«Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі проактивті форматта ұсынылады — яғни азаматтардың өтінішінсіз және Халыққа қызмет көрсету орталығына баруы қажет етілмей көрсетілетін 60 проактивті мемлекеттік қызмет түрі бар. Онлайн-қызметтерді тек eGov арқылы көрсетуге қатысты монополия жойылды, негізгі сервистер танымал банктердің платформаларына шығарылды. Бұл халық үшін цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттырды. Бүгінгі күні QR-қолтаңбаны қолдану саны 16 миллионнан асты. Бұл құрал күнделікті өмірдің үйреншікті бөлігіне айналды. Цифрлық құжаттар сервисі ерекше сұранысқа ие»,- деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков.


Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттік қызметтерді адамның нақты өмірлік қажеттіліктеріне бейімдеу мақсатында «Invisible Government» жобасы жасалды. Мәселен, «Мектепке қабылдау» өмірлік жағдайын іске асыру үшін реинжиниринг және «электрондық үкімет» порталына «1-сыныпқа қабылдау» мемлекеттік қызметі енгізілді. Есептік кезеңде 275 мыңнан астам өтініш қабылданып, өңделді. 


«Бұл өтініштерде медициналық анықтамалар бойынша 052-2/у нысанындағы «Баланың денсаулығы паспорты» және 065/у нысанындағы «Екпе паспорты» анықтамалары Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінен автоматты түрде деректер алынды, сондай-ақ тұрғылықты жердің шағын ауданы автоматты түрде анықталды. Тұрғылықты мекенжайы бойынша шағын учаскені автоматты түрде айқындау балаларды мектептерге дәл бөлуді қамтамасыз етіп, өтініш беру барысын айқын, әрі жеңіл жасап, қызметкерлердің жұмысын оңтайландырды. Сонымен қатар Еңбек шарттарын цифрлық форматта жасау сервисі іске қосылды. Электрондық шарттарды тіркеу еңбек қатынастарындағы ашықтықты қамтамасыз етеді және қағаз түріндегі еңбек шарттарынан бас тартуға мүмкіндік береді. Қызметкер кез келген уақытта өзінің еңбек кітапшасына қол жеткізе алады және еңбек қызметін растауға мүмкіндігі бар. Бұл еңбек кітапшасының жоғалу қаупін және деректерді қолдан жасау мүмкіндігін жояды. Бүкіл жұмысымыз үш негізгі принципке негізделген: проактивтілік, қолжетімділік және мерзімділік»,- деп қосты Мәлік Олжасбеков.


Сондай-ақ 2024 жылдан бастап ел көлемінде тегін тамақтандырудың берілуін бақылауға, артық шығындарды болдырмауға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін «Әлеуметтік әмиян» жобасы жүзеге асуда. «Әлеуметтік әмиян» eGov mobile мобильдік қосымшасының жеке сервисі ретінде іске қосылған. Жоба барлық өңірлерде кеңейтілуде. «Әлеуметтік әмиянға» 708 мемлекеттік дәріхана қосылып, 15 миллион рецепт бойынша дәрілік заттарды беруді қамтамасыз етті.


Сонымен қатар e-Otinish платформасын енгізу және дамыту жұмыстары жургізілуде. Қазіргі уақытта «e-Otinish» ақпараттық жүйесіне 26 мың әкімшілік орган, 328 мың қызметкер қосылған және 13 миллионнан астам өтініш тіркелді.


Жиында одан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік тақырыбы да қозғалды. Вице-министр Мәлік Олжасбековың айтуынша, деректерді қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша келесі шаралар қабылданды:

- азаматтардың дербес деректеріне қол жеткізуге келісімін жинау үшін, сондай-ақ бұрын берілген келісімдер бойынша ақпарат беру үшін Egov арқылы мониторинг сервисі енгізілді. Бұл қызмет күніне 1 миллионнан астам сұранысты өңдейді және 318 ақпараттық жүйемен қосылған;

- алаяқтықтың алдын алу мақсатында EGOV-та 4,5 миллионнан астам адам пайдаланған «несиеден бас тарту» функциясы енгізілді.


«Министрлік еліміздің байланыс инфрақұрылымын дамытуға аса көңіл бөледі. Осылайша Маңғыстау облысы бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда. Соның бірі – ауылдарға талшықты оптика жеткізу жобасы. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы арасында ағымдағы жылдың маусым айында инвестициялар туралы келісім жасалды. Келісім шеңберінде Маңғыстау облысының 7 ауылын кең жолақты интернет желісіне қосу жоспарланған, атап айтсақ – Аққұдық, Жарма, Сазды, Басқұдық, Тиген, Ноғайты, Бопай ауылдары. Елді-мекендерде ауыл тұрғындарынан бөлек мемлекеттік мекемелер және бюджеттік ұйымдар интернетке қосылатын болады. Сондай-ақ ауылдарда жергілікті желі құрылысын жүргізу үшін байланыс операторларын субсидиялау жобасы аясында Маңғыстау аймағының 12 мың адам тұратын 8 ауылында жоғары жылдамдықты қамтамасыз ететін талшықты-оптикалық технология (ТОБЖ) арқылы жергілікті желі салу жоспарлануда. Бірінші кезекте адам саны 11 мыңнан асатын 7 ауылды қосу жоспарланған, олар – Сенек, Оңды, Тұщықұдық, Шайыр, Жыңғылды, Сарға, Есет ауылдары және 1 ауыл резервтік тізімге енгізілген, бұл – Тәжен ауылы»,- деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков.
21
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!